Қош келдің, әз Наурыз!

0
263
Айдын Нұршановтың фотосы

Күн мен Түн теңеліп, жер бусанып адамдардың көңілі шат шадыман күйге бөленетін тамаша мереке – Ұлыстың Ұлы күні! Көпшілік ортақ тайқазаннан дәм татып, осы күні «молшылық, тоқшылық болсын» деген ниетпен бір-біріне ақ тілектерін ақтарады. Ұлттық құндылықтарымыз әспеттеліп, төл мерекеміз халықтың ыстық ықыласымен тойланады. Осындай көпшіліктің ізгі көңілінен Наурыз мейрамының маңызы жылдан-жылға артып келе жатқандығын аңғарамыз. Жыл басы әз Наурыз биыл да жоғары деңгейде өтті.  Яғни, бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласының тұрғындары айтулы мерекені ерекше қарсы алды.

Наурыз әдеттегідей бұлақ көзін ашудан басталды. Артынша жетісулықтарды шуақты һәм мерейлі мерекемен арнайы құттықтау үшін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен шаһар басшысы Бағдат Қарасаев бастаған топ мереке алаңына келді.

Жалпы мерекелік шара «Жастар» спорт сарайының маңынан басталды. Онда облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдығына орай көрме, ақындар айтысы өтті.

Сондай-ақ, арқан тартыс, асық ату, тоғыз құмалақ, шахмат, дойбы және қол күрес сынды спорт түрлерінен жарыстар болып, мереке көркін қыздырды.

Наурызда Жер-Ана бусанып, тіршілік жанданатын кезең. Осыған сәйкес «Рухани жаңғыру» орталығының аумағында 50 тал жас көшет отырғызылды.

Одан бөлек, «Наурыз көже», «Бауырсақ party» және қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. «Наурыз ауылына» бес қазақ үй тігілді.

 

Жиырма қазан палау тегін таратылып, көпшілік ыстық дәмнен ауыз тиді. Цирк майталмандары әр түрлі бағытта өнер көрсетіп, көптің таңдайын қақты.

Мерекелік шара «Жастар» саябағының алаңында жалғасын тапты.

Ол жерде облыс әкімі Амандық Баталов жетісулықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ақ тілегін ақтарды:

— Ұлыстың ұлы күні, жақсылықтың жарқын мерекесі, Жыл басы – Наурыз мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын! Қазыналы қарттар, жалынды жастар, бақытты сәбилеріміз аман болсын! Күллі  шығыс жұртына ортақ – Наурыз мерекесінің тарихы тым тереңде жатыр. Халқымыз Ұлыстың ұлы күнінде – Жаңа жылға үлкен үміт артады. Себебі наурыз айы жаңару мен жаңа істің, ырыc  пен ынтымақтың алтын арқауы саналған. Береке мен бірліктің бастауы болған бұл мерекеде барша жетісулықтарға, әр шаңыраққа бақыт, қуаныш тілеймін. Тәуелсіздік тұғыры берік болып, ел абыройы арта бесін! – деді.

Мұнан соң облыс әкімі А. Баталов жетісулықтардың атынан қазақ ғарышкері, Халық қаһарманы, Әскери-әуе күштерінің генерал-майоры Айдын Айымбетовті құттықтап, оған «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын ресми түрде табыстады.

Мереке Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және Жанар Дұғалова, Айгерім Қалаубаева, Олжас Абай, Мұқасан Шахзадаев сынды қазақ эстрадасы өнерпаздарының концертімен жалғасты.

Айта кетейік, кешкілік «Жастар» саябағында би кеші ұйымдастырылады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here