«О, Ләйлә» көрерменге жол тартты

0
399

«О, Ләйлә» деп аталатын Талдықорған қаласында түсіріліген толық метражды көркем фильм көрерменге жол тартты. Аталмыш кинокартинаны «Жетісу» телеарнасы мен «New Nomad» студиясы бірігіп түсірген. Киноның тұсаукесері І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өтті. Фильмді тамашалауға облыс әкімі Амандық Баталов пен шаһар басшысы Бағдат Қарасаев арнайы келді.

Комедиялық драма жанрда жарыққа шыққан туында бастан аяқ Талдықорған қаласында түсірілген. Жігіт пен қыз арасындағы махаббат хикаясы да осы шаһарда өрбиді. Туындының «Тақиялы періштемен» ұқсастығы бар. Онда Әмина Өмірзақова өзіне келін іздесе, бұл драмада Кендебай Темірбайұлы күйеубала қарастырған әкенің образында. Ал, оң босағада отырып қалған фильмнің басты кейіпкері Ләйлә жігіттің төресін іздейді. Сөз айтып, көңіл білдірген жігіт Шораны түрлі сынақтың астына алады.

Айта кетейік, киноны түсірудегі басты мақсат – Талдықорғанның көрікті жерлерін ел назарына ұсынып, Жетісудың көркем табиғатын көрсету. Журналистер үйі мен ондағы тілшілердің қарбалас өмірі суреттелген фильм 2016 жылы таспаға түскен. Фильмнің продюсері Бейсен Құранбек, режиссерлері Ерлан Ушакпаев пен Данияр Мустафаев. Ал, басты ролдерде Айзада Жақсыбек пен Бақтияр Сатқұлов.

Ерлан Ушакпаев, «О, Ләйлә» фильмінің режиссері: — Бұл фильм жайында 2015 жылы бізге Бейсен Құранбек өзінің идеясын айтқан болатын. Мұндағы түсірілім тобы да, актерлік құрам да тек Талдықорған қаласының тұрғындары. Актерлардың 70 пайызы Б.Римова атындағы драма театрдың адамдары болса, қалған бөлігі жергілікті жердің жастары. Бұл біздің алғашқы фильм. Биыл тағы да «Жетісуға қош келдіңіз» атты жастар комедиясын жарыққа шығарамыз. Сонымен қатар алдағы уақытта облыс әкімінің қолдауымен Талдықорған қаласы туралы мюзикл жанрында кино түсіру жоспарымызда бар. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оның түсірілімін мамыр айында бастаймыз, — дейді.

«О, Ләйлә» фильмін 22-наурыз күні 22:00-де «Жетісу» арнасынан көріңіздер.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here