Қайран біздің бабалар

0
111
фото А. Қажеке

Ақын, журналист Нүсіпбай Әбдірахым — Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редактордың орынбасары.  1957 жылдың 22 қарашасында Алматы облысы Жамбыл ауданының Үмбетәлі ауылында дүниеге келген.  Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі. «Ақтарылам алдарыңда» «Бесөрім», «Жансарай» атты кітаптардың авторы. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20, 25 жылдығы мерекелік медалімен марапатталған.

 

Қайран біздің бабалар

 

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барса жол болсын.

Наурыз күнгі тілек.

 

Көп болса да сойқандар

Дырауларын білеген.

Қайран бабам бәріне

Сәтті сапар тілеген.

 

Қысқа жібі күрмелмей

Қинаса да ой қанша.

Сұрамаған алтынды –

Әйтеуір ақ мол болса.

 

Кей ағайын қылығы,

Қрнбаса да ойға онша.

Түзелер деп ойлаған

Ұлыс күні оң болса.

 

Ақкөңілдің аты арып,

Тоны қашан тозған-ды.

Әспеттеген қазағым

Ортасынан озғанды.

 

Бірақ, бірақ, басқаға

Басқызбаған белін де.

Өр болған-ау бабалар

Өзі туған жерінде.

 

Ақ мол болсын, жол болсын,

Біздің тілек бүгінгі.

Ұлыс күні шешкей-ақ

Барлық түйткіл, түйінді.

 

 

                                Көктем таңы

Көктемнің бір жанға жайлы

Таңы атып келеді.

Әлсіз ғана сыбдырлайды

Май – арудың желегі.

 

Ғажап, әсем бір тыныштық

Көктем таңын баураған.

Бар сұлулық үнсіз күліп,

Құс тілімен сайраған.

 

Оятқандай құстар әні

Қиялдағы әлемді.

Мен сөйлеуге жасқанамын

Буса да арман денемді.

 

Таң да атып, күн келеді

Дүние нұрға малынып.

Кеудемді асқақ күй кереді

Күйкі ойлардан арылып.

 

Қиялымды қытықтайды

Бұлбұл үні бақтағы.

Қандай әсем туған елде

Бейбіт таңның атқаны?!

                                          Сағыныш

Қыс та өтті қысып тастаған,

Қыздырды шуақ қанымды.

Ақ торғындайын ақ самал

Аймалап жатыр жанымды.

 

Көктем де жетті көк белге,

Қауызын тағы ашты гүл.

Серт бергендейін өтпеуге

Жайнаңдап тұрған жас ғұмыр.

 

Жайнаған жасыл қыратты

Түсіме дала кіріп жүр.

Сол жақта жүрген сияқты

Жазылмай қалған тұнық жыр.

 

Сырымды дала төсіне

Өзім-ақ барып айтсам ба?

Шықпайтын ылғи есімнен

Ауылға барып қайтсам ба?

 

Сағынышымды шайқаған,

Көп күндер өтті арада.

Қырмызы гүлдер қайтадан

Толған да шығар далаға.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here