Көктем-көңіл, еркесің сен, бұласың

0
94
фото Тәкен Жұманқұлов

Ақын,  журналист Торғын ТҰРЛЫБАЕВА Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Үлгі ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазір Текелі қалалық «Текелі тынысы» газетінің бас редакторы. Көптеген жыр мүшәйрасының жеңімпазы.

Үмітімнің тарқатылған бұрымын,

Шыдамымның шытынаған сынығын,

Қырын қарап, құлаштай сап құрығын

Жұтып жатыр тойымсыздау ұры күн.

 

Ұры күннің беймәлімдеу құлымын,

Таң да, кеш те арылтпайтын мұңы мың.

Ұнар ма екен?

Самал тарап тұлымын

Көктем келді көрсетуге қылығын.

 

Ұнар ма екен?

Туған жерге тағы да

Көктем келді, күтіп едім сағына.

Аңсаулар мен шаршаулардан арыла

Жол салайын қайтпас құлын шағыма.

 

Наз айтамын, ұнамасын, ұнасын,

Көктем-көңіл, еркесің сен, бұласың.

Тәуекел деп тағатымның шырасын

Жағайыншы,

Уақыт мені сынасын.

 

********

Көктем, көктем. Көгілдір нұр төгілген,

Көк көйлектер көк жібектен өрілген.

Көміп жатыр көк әлемді ақырын

Ақ тілектер шыққан аппақ көңілден.

Наурыз келіп көгершіні көктемнің

Орын алды ақ отаудың төрінен.

 

Ошақ сөнбей, отау оты маздасын,

Қуанбаған жалғыз пенде қалмасын.

Ақ әжелер, ақсақалдар ар тұнған

Ақ пейілді ақ батасын арнасын.

Ашық аспан, ақ әлемді әдемі

Шуақ күннің шұғыласы шарласын.

 

Көктем, көктем – сезімдердің кенісің,

Желпи соққан жүректердің желісің.

Шуағыңды төкші, қане, аямай,

Мұз боп қатқан мұнар-мұңдар ерісін.

Жуып жатыр сезім селі мені де.

Жолы бақты – көктем…

Көктем – келісім.

 

*********

Сағынған жанның сыры көп,

Жүректің күйін тыңдаттың.

Келмедің көптің бірі боп,

Қиядан маған тіл қаттың.

 

Өшпейсің менің санамнан,

Көзіңнен жас боп төгілем.

Қыр асып кеткен ақ арман,

Сағым боп қана көрінем.

 

Сол тұрған түспе тағыңнан,

Жолыма түнек жақ шырақ.

Көргім кеп ылғи сағынам,

Аулаққа менен қаш бірақ.

 

Сезімім ерке тым әлі,

Жаныма тыншу бермеген.

Бәріне өзім кінәлі

Қолдағы бақты жерлеген.

 

Бұла қыз едім бұрында,

Бағамды жөнсіз бұлдаппын.

Аман бол қысқа ғұмырда

Қиялымдағы қымбаттым.

 

*******

Мен күткен ақ таңым

Қайтадан келмес қиялым құшқан мезет-ті.

Тәтті бір шақтарым

Тасқынмен тұзы жараспай тым-ақ тез өтті.

Асыға аттадым

Есіктен тоспай шұбаған шулы кезекті.

Алауын жақпадым,

Өкініш болып өртейді соңы өзекті.

Жатығын жаттадым,

Жолаушы серігім бар менен жоқты сөз етті.

Айып қып таққаным –

Сөзінде сөл жоқ, тек қана өткір көзі өтті.

Жауабын таппадым,

Санамды тескен сұрақтар мені мезі етті.

Жалғыз-ақ тапқаным…

Таппадым маған керекті.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here