Әйел бақытты болғанда халық бақытты

0
196
дереккөз

Қамшының сабындай келте ғана ғұмырда бір қолымен әлемді, енді бір қолымен сәби бесігін тербеген ана есімі әрдайым ардақты. Ана отбасының ұйытқысы ғана емес, Отанның қорғаны, елдің тірегі. Мәселен, ұлтымыз тарихында өткен небір жаугершілік замандардың бәрінде атойлап атқа қонып, елін, жерін қорғау жолында ерен ерлігімен танылған қазақ қыздарының қайтпас қайсарлығы жер жаһанға мәлім.  Арада айлар аунап, жылдар жылжып, ғасырлар легі қара үзсе де, олардың  есімі ел жанынан еш сөнген емес.

Атап айтсақ, кешегі ержүрек батыр, әділ билеушілігімен әлемге танылған Сақтардың патшайымы  Тұмар ана, 18 ғасырдағы қазақ-жоңғар шапқыншылығы тұсындағы батыр қолбасшы Гаухар, Назым, Айбике, Ботакөз, отаршылдық ойранына қасқайып қарсы тұра білген Бопай ана, екінші дүниежүзілік соғыстың қаһармандары Әлия мен Мәншүк, елге Тәуелсіздік сыйлаған желтоқсанның айбатты арулары Ләззат пен Сәбира міне соның айғағы. Мейлі, қай дәуір, қай замандарда болсын өмірге  ұлағатты ұрпақ әкелумен бірге ұлт мүддесі жолында күресіп өткен әрбір нәзік жанды ел арақтыларының  арман, тілегі бір. Бұл туралы бірде Елбасы Н.Назарбаев: «Біздің батыр аналарымыз ел басына күн туғанда қолына қару алып жауға шапқан, ерлермен бірге Отанын қорғаған. Өшпес  ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз білеміз. Үлкен құрметке бөленген үлкен аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным, Зере әжелер парасаттың символы болып саналады. Бүгінгі Қазақстанның әйелдері сол парасатты жалғастыратын, жолын жалғайтын ізбасарлары. «Әйел – үйдің қазығы» деп әйелін, «Қыз өссе елдің көркі» деп қызын құрыметтеген халықпыз. Осындай ықылым замнан келе жатқан игі дәстүр қазірде жалғасуда» деп атап айтқан болатын.

Бүгінде Тәуелсіз қазақ елінің билік тізгінін ерлермен тең ұстап елдің дамуы мен өркендеуі жолында өз үлестерін қосып келе жатқан нәзік жанды арулар аз емес. Олардың атқарған әрбір игі істері ұлтымыз тарихында ұлағатты  ұрпақ санасында  жаңғырып,  жайнап, көпке  үлгі, өнеге болып қала берері хақ. Нақты мәліметтерге сүйенсек, ежелден қазақтың біртуар дара дарын иелері өмірге келген Жетісу жерінде қазір 8 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер болса, олардың тең жарымынан астамы ақ жаулықтылар. Сонымен бірге,  өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің дамуына өз үлестерін қосып шағын және орта кәсіпкерліктің тасын өрге домалатып отырғандардың 60 пайызын әйелдер қауымы құрайды екен. Осыған байланысты ұлтымызда ежелден жалғасқан киелі ұрпақ сабақтастығы еш үзілген емес. Қазірде  аймақта ұлт  мұрасын жалғап, есімі елге танымал болған асыл текті аналар жетерлік. Соның ішінде ел мақтанышына айналған Еңбек Ерлері Күләш Айтжанова, Адалят Зайнаудинова, Рахилям Сейітова, облыстың құрметті азаматтары Бәтима Сақауова, Күмісжан Өмірбаева, Райхан Серғазынова, Дина Нұрғалиева, Ұлтуған Жәутікова сынды аналар есімі ерекше құрметке ие.

Ал,  жалпы әйелдер жайында жан-жақты қалам тербеп келген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеев жақында бізге берген сұхбатында:

— « Біздің ата-бабаларымыз 255 жыл қалмақтармен соғысып өткен. Бақадүр батырлар бар бізде. Ел үшін, жер үшін, қатын баласы үшін жанын береді. халқымызда «Еркек тоқты – құрбандық» деген аталы сөз бар. Бұл мақал неден шыққан? Ер азамат елін, жерін  қорғау жолында өледі деген сөз. Ал сенің еліңді, халқыңды кім сақтайды? Әрине ана сақтайды. Сен өлесің, 3-4 бала сенен қалады. Біреуің өлесің, 4-5 баланы туып беретін кім? Еркек өмірге бала әкеле алмайды. Ана. Бізде ана тілі, ана махаббаты, ана қасиеті дегенді неге жоғары қоямыз? Ана — халық. Әйел зорланған, қорланған жерде халық та зорланады, қорланады. Әйел мен халық бір. Әйел бақытты болғанда халық бақытты. Сондықтан біз үшін ана есімі әрдайым  ардақты. 8-ші наурыз халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын!» – деді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here