Жемқорлықты жою — әр азаматтың міндеті — Б.Қарасаев

0
387

Талдықорған қаласының әкімдігі жыл сайын аталған бағытта жұмыс атқаратын комиссияның іс-жоспарын белгілеп, оны бекітіп отырады.
Жоғарыда атап көрсетілген жоспар міндеттерін орындау мақсатында 2017 жылы облыс орталығы аумағында облыстық және қалалық прокуратура қызметкерлерінің, сондай-ақ, ҰҚК департаментінің, «Нұр Отан» партиясының облыстық және қалалық филиалдары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел, семинарлар, акциялар, конференциялар, пікірталастар, бірқатар кездесулер мен рейдтер т.с.с. өткізілді. Қаланың барлық жоғары оқу орындарында құқық қорғау орындарының, прокуратураның, ҰҚК және Алматы облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюро қызметкерлерінің тікелей қатысуымен жемқорлыққа қарсы күрес тақырыптарына арналған дәрістер өткізу ұйымдастырылды.
Осындай іс-шаралардың өтуі барысында облыстық және қалалық бұқаралақ ақпарат құралдарының беттерінде, жергілікті теледидар мен радиода сыбайлас жемқорлыққа қарсы қалалық мемлекеттік орган басшылары сөз алды. Баспасөз беттерінде 27-ден астам мақалалар жарияланды. «Жетісу» телеарнасында Талдықорған қаласы әкімі аппаратының Мемлекеттік заң және мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы А. Батхолдинованың қатысуымен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзекті мәселелері туралы хабар таратылды.
Қала аумағында 2 баннер орнатылған, ал «Жастар» саябағында сандық бейнебеттен тұрақты 1 бейнебаян. экраны орнатылған.
Талдықорған қаласы әкімдігінің барлық құрылымдық бөлімшелерінде құқықтық жалпы білім беру аясында жұмыс жүргізілуде. 2017 жыл бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға негізделген 2 тақырыптық отырыс өтті.
Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың артуына қатысты мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдардың және мемлекеттік қатысу үлесі бар ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін тікелей жауапкершілік жүктелді.
Барлық мемлекеттік қызметкерлер назарына заң жүзінде бекітілген міндеттер жеткізілді, олар: өздеріне белгілі болған барлық сыбайлас жемқорлық жөніндегі құқықбұзушылық жағдайлар туралы өз басшылығына немесе құқық қорғау органдарына хабарлау, бұл талапты орындамағандарды тәртіптік жауапкершілікке тарту. Сондай-ақ, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттерін мемлекет тарапынан ынталандыру, ондай қылмыстардың алдын алуға және оларды ашуға көмек көрсеткендері үшін марапаттау тетіктері, мемлекеттік қызметкерлердің қаржылық кіріс- шығыстарын бақылау шаралары түсіндірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасауға қолайлы жағдай туғызатын лауазымдар тізбесін айқындауға байланысты ережелер мен нормалар, сондай лауазымдар бойынша атқарылатын қызметтерге қабылдау үшін күшейтілген талаптарды енгізу тәртібін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Басқаша айтқанда, осындай лауазымдарды атқаратын тұлғалардың арнайы тексерулерден өткізілетіні, соның ішінде олардың адалдығын тексеруге бағытталған тестілеу мен сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін әртүрлі ойындық жағдайлар үлгілері қолданылатын психологиялық сынақтар жүргізілетіні түсіндірілді. Ал, ол сынақтар кері нәтижелер көрсетсе, лауазым иелерінің мемлекеттік қызметтен босатылатыны анық.
Осындай жұмыстардың табысты болуы үшін барлық іс-шаралар Алматы облысының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Департаментінің аумақтық бөлімшесімен бірлесе жүргізіледі. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Алматы облыстық Департаментіне мелекеттік қызметкерлер туралы, бұрын мемлекеттік қызмет атқарған адамдар жайлы мәліметтердің біртұтас электрондық базасын жүргізу мақсатында әртүрлі есеп беру формалары беріліп тұрады. Бұл мемлекеттік қызметке лайық адамдарды сапалы түрде іріктеуге, жоғары лауазымды қызметтерге дұрыс тағайындаулар жүргізілуіне жақсы мүмкіндіктер беріп қана қоймай, бұрын атына кір келтірген адамдардың мемлекеттік қызметке кіруіне бөгесін де болады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу жұмыстарының маңызды бір тұсы және мемлекеттік органдарда атқарылып жатқан істердің ашықтығын, жариялылығын айқындайтын көрсеткіштердің бірі – ақпараттық жүйелер мен технологияларды, Интернет-ресурстарды, WEB – порталдарды, сайттарды т.б. пайдалану және қолдану деңгейі.
Қалалық мемлекеттік органдар қызметінің жариялылығын және ашықтығын қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты мәселелер жөнінде түсіністік қалыптастыру мақсатында қала әкімдігінің ресми сайты, қала әкімінің жеке блогы, әлеуметтік жүйелерде, TWITTER-де, FaceBook-те т.б. орналасқан қала басшыларының электронды байланыс мәліметтері бар. Бұл мәліметтер мен электрондық мекенжайлар, сондай-ақ, барлық жергілікті БАҚ-та жарияланған.
Қала әкімдігіне қатысты мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы қабылдаған және 2016 жылғы 01 қаңтардан іске қосылған “Ақпаратқа қолжетімділік туралы” Заңды кеңінен қолдануы ерекше назарда. Бұл заң бойынша әр азаматтың ақпаратты еркін түрде, заң жүзінде тыйым салынбаған әдіспен алуына және таратуына конституциялық құқығы бар. Атап айтқанда:
1) Сауал бойынша ақпарат алу;
2) Ақпаратты Интернет-ресурста орналастыру, т.с.с.
Қала әкімдігінің ресми сайтында ақпарат иесі ретіндегі мемлекеттік органдардың қызметі туралы жалпы ақпарат орналастырылған. Оның ішінде төмендегідей ақпараттар бар. Ұжымдық құрылым, олардың басшылары туралы мәліметтер, ресми жаңалықтар, мемлекеттік және салалық бағдарламалар, концепциялар, доктриналар, аумақтарды дамыту бағдарламалары мен жоспарлары, стратегиялық жоспарлар мен басқа да көптеген маңызды мәселелер жайлы мағлұматтар.
Сондай-ақ, “Азаматтарға арналған үкімет” және “Электрондық үкімет” арқылы электрондық байланыс көмегімен бірқатар мемлекеттік көмек көрсету қызметі болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға және жемқорлық сипатындағы іс-әрекеттердің жолын кесуге жағдай жасайды.
Қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері 92 мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді.
2017 жылы барлығы 71403 мемлекеттік қызмет көрсетілді. (2016 жылы – 81638).
Тұрғындарды қажетті мәліметтермен қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету жағдайынан хабардар ету мақсатында “Талдықорған”, “САПА Талдықорған”, “Талдықорған ақшамы” газеттерінде және қала әкімдігінің ресми сайттарында, жалпы алғанда, 73 мақала, хабарландыру және басқа да материалдар жарияланды.
Айта кету керек, 2016 жылғы 01 қаңтарда бірқатар заңнамалық актілердің күшіне енуіне байланысты облыс орталығында қоғамдық кеңестерді құру жөніндегі ұйымдастыру шаралары қолға алынған.
Мәселен, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашада қабылданған “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңына сәйкес қала аумағында “Талдықорған қоғамдық кеңесі” құрылған. Бұл Қоғамдық кеңес құрамының 2/3 бөлігі азаматтық қоғам өкілдерінен тұрады, 1/3 бөлігін ғана мемлекеттік органдар өкілдері құрайды.
Қоғамдық кеңес қызметінің мақсаты – қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру. Ол мәселелер: бюджеттік бағдарламалар жобаларын, аумақты дамытудың стратегиялық жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың орындалуын, қаржылық кіріс-шығыс мәселелерін, қайырымдылық шараларынан түскен қаржының пайдаланылуын, тағы да көптеген маңызды мәселелерді талқылауға қатысып, пікір білдіру.
Аталған Заң нормаларын жүзеге асырудың мемлекеттік шешімдердің жариялылығын білдірері анық.
Бұл істің табысты болуына Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің “Атамекен” Ұлттық палатасының аумақтық құрылымы – Алматы облыстық кәсіпкерлер Палатасы арқылы зор ықпал етіп отырғанын айта кетудің үлкен маңызы бар. Осы облыстық құрылым мүшелері қала әкімдігі жанында жұмыс істейтін бюджеттік, жер комиссияларының, ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидиялар белгілеу және төлеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамдарында игі істер атқаруда.
Сонымен бірге, қалалық әкім мен әкімдік жанында жұмыс жүргізетін әртүрлі мәселелер жөніндегі комиссиялардың, жұмыс топтарының, т.б. жұмысына коммерциялық емес және қоғамдық бірлестіктердің қатысуы қамтамасыз етілуде. Олардың жоғарыда аталған құрамдарға мүшелігі кемінде 50% мөлшерде.
Қала әкімдігі мен қалалық мемлекеттік органдар басшыларының азаматтық қоғам институттарының, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесулерін жүйелі түрде ұйымдастырып тұру тәжірибеге енгізілуде. Олармен бірлесе әрекет жасап, әріптестік орнату жөнінде меморандумдар бекітілген.
Бұл саладағы жұмыста жеке және заңды тұлғалар өздеріне мәлім сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік органдар тарапынан жасалған заңсыздық әрекеттері фактілері туралы хабарлай алатын “Сенім телефондарының”, пошта жәшіктерінің маңызы зор екені белгілі. Қазіргі уақытқа дейін ондай мәліметтер мен хабарламалар түскен жоқ.
Қала әкімдігі мемлекеттік тіркеуден өткен барлық нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын орындауды басты назарда ұстауда. Ол актілер өз мерзімдерінде газеттерде және қала әкімдігінің сайтында жарияланып тұрады. Нормативтік-құқықтық актілердің қалалық әкімдіктің аталған жұмыс саласына қатысты қаулылары мен шешімдерінің орындалуына, тұрғындардың арыз-шағымдарына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
Талдықорған қаласы әкімінің жарлығымен (2017 жыл, 15 наурыз, №86) қала аумағында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ақпараттық-насихаттық топ құрылған. Ол топ қазіргі уақытта белсенді түрде жұмыс жүргізуде.
Қосымша түрде айтарымыз: облыс орталығында Талдықорған әкімінің шешімімен “Болашаққа – парасыз. Бірге!” жобасын жүзеге асыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді топ құрылған. Қазіргі уақытта бұл топ мүшелері тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіру жұмысымен айналысуда.

Талдықорған қаласының әкімі

Бағдат Қарасаев

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here