Алматы облысы аграрлы аймақтан өндірістік өңірге айналып келеді

0
744
Айдын Нұршановтың фотосы

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында дамудың оң серпінін байқауға болады. Мәселен, жалпы өнім 2,4 трлн. теңгеден асып, 2,7 пайызға артқан. Өңірге 527 млрд. теңге инвестиция тартылып, осы көрсеткіш бойынша облыс республикада алғашқы төрттікке еніп отыр. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Амандық Баталовтың халық алдындағы есепті кездесуінде мәлім болды.

Әкім есебіне ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов және «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов Астанадан арнайы келді. Сондай-ақ, жиынға облыс тұрғындарынан бөлек, аудан әкімдері мен этно-мәдени орталықтардың, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысты.

Айталық, кейінгі жылдары жер жәннаты Жетісу жерінде өнеркәсіп саласы қарқынды дамуда. Мәселен, өткен жылы Алматы облысында 4 ірі зауыт іске қосылып, нәтижесінде 21,5 млрд. теңге игерілген. Сондай-ақ, жалпы көлемі 4192,6 гектар болатын 5 индустриялық аймақты дамыту бойынша жұмыс жалғасуда. Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, 2017 жылы облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері табысты орындалған. Яғни, экономика 2,7 пайызға өссе, меншікті кірістер 24 пайызға артқан. Ал, жұмыссыздық 4,7 пайызға дейін төмендеп отыр. «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының арқасында, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 2 есеге өсті және оның үлесі 85 пайыз. Индустрияландыру картасы бойынша жалпы сомасы 319 млрд. теңге болатын 55 жоба іске асырылып, 8,7 мың жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы инновациялық технологиялар мен цифрландыруды енгізу аясында 40 кәсіпорын өз өндірісін автоматтандыруды жоспарлап отыр», — деді А.Баталов.

Алматы облысы аграрлы аймақ ретінде республика бойынша бірінші орынға шыққан. Ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылы 3,3 пайызға өсіп, 648 млрд. теңгені құрап отыр. Оның ішінде картоп, майлы дақылдар, қант қызылшасы, бақ алқаптарынан түскен өнім көлемі айтарлықтай. Облыс әкімі баяндамасында ауылшаруашылығындағы жалпы өнім көлемін 2021 жылға қарай 200 млрд. теңгеге жеткізуді немесе 1,3 есеге өсіру жағын жоспарлап отырғандығын да атап өтті.

Облыс бойынша газбен жабдықтау деңгейі 26,2 пайызды құрайды (123 елді-мекен газдандырылған), қазіргі таңда газдандыру жұмыстары 11 ауданда жүргізілуде. Алматы-Талдықорган магистральды газқұбырының құрылысы аяқталып, Талдықорған қаласында бірінші кезеңін іске асыру үшін жергілікті бюджеттен  4,1 млрд. теңге бөлінді. Ал, биыл облыс орталығын газдандырудың екінші және үшінші кезеңінің құрылысы аяқталады. Бұл жұмыстарға екі жылдың ішінде республикалық бюджеттен 11,2 млрд. теңге бөлінген.

Алматы облысында 2015-2017 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 84 жобаға 77,3 млрд. теңге бөлініп, оның 73-і іске қосылды. Өткен жылы 29 мектеп, Талдықорған қаласындағы №4 қазандық, Кербұлақ, Талғар, Қарасай, Панфилов аудандарының 6 елді-мекені мен Талдықорған, Текелі қалаларындағы  сумен қамту жүйелері пайдалануға берілді. Биылғы жылы 13 жобаны іске асыруға 2,3 млрд. теңге бөлініп отыр.

Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 251 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1126 пәтер мен 27 нысанның инженерлік-коммуникациялық жүйесін жасау жоспарланған. Облыс басшысы жасаған баяндамасында Талдықорған қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында коттедж қалашығы құрылысының пилоттық жобасы жүзеге асырыла бастағанына тоқталып өтті. Оған 2 млрд. теңге бөлінген.  Барлығы 606 үй болса, соның 48 пәтерлік 12 үйі мен 124 коттеджі биыл салынбақ. «Облыс тұрғындарын баспанамен қамту көрсеткіші бір адамға шаққанда әзірге 18,5 шаршы метрден айналады. Мемлекет басшысы Жолдауында 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізуді міндеттеп отыр. Ол үшін біз тиісті шараларды қабылдап, жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің көлемін 1 млн. шаршы метрге жеткізетін боламыз», — деді А. Баталов.

Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылы 1 млн. адамды қамтыған 8 мың шара ұйымдастырылған. Бюджеті 25,8 млрд. теңге болатын 319 ірі жоба жасалды. Талдықорғанда Қазақстан бойынша тұңғыш «Рухани жаңғырту» орталығы бой көтеріп, іске қосылды. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде құны 6 млрд. теңгеге жуықтайтын 159 ірі жоба әзірленді. Бұл орайда «Туған жер» жобасы бойынша Талдықорған қаласында жабық бассейн, Қарасай, Алакөл аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілмек.

Облыстық және ауылішілік жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен жыл сайын 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бүгінде жергілікті жолдардың 78 пайызы біршама жақсарған. «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында әлемдік заманауи стандарттарға сәйкес «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Талдықорған» автокөлік жолдары жасалды. Өткен жылдың өзінде ғана көлік қызметінің көлемі  10 пайызға өсіп, 500 млрд. теңгеге жеткен. Үстіміздегі жылы «Талдықорған-Өскемен», «Үшарал-Достық», «Ұзынағаш-Отар», «Күрті-Бурылбайтал» автокөлік жолдарының құрылысы басталып, соның нәтижесінде өңірдің транзиттік әлеуеті бұрынғыдан да арта түспек.

2017 жылы Алматы облысында 15 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 8 нысанға күрделі жөндеу жасалды. Биылғы жылы осындай 18 нысан тұрғызылады. Олардың қатарында Сарқан қаласы мен Ұзынағаштағы перзентхана да бар. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі механизмін қолдану арқылы Талдықорған қаласында жалпы құны 7 млрд. теңге болатын медициналық ақпараттық жүйелер мен автоматтандыру кешенін енгізудің екі жобасы жүзеге асырыла бастайды. — Биылғы жылы біз міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшудің дайындық жұмыстарын аяқтап, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруымыз керек, — деді А. Баталов.

Облыс әкімінің есебінен кейін тұрғындардың сауалы тыңдалды. Талдықорғандықтар тарапынан Амандық Ғаббасұлына бірнеше сұрақ қойылды. Атап айтқанда, облыс орталығында салынып жатқан драма театрдың құрылысы нақты қай уақытта аяқталатындығы сөз болды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан қаладағы инво-таксилердің санын арттыру мәселесі қозғалды. Облыс әкімі бұл сауалдарға төмендегідей жауап берді.

Талдықорғанның Оңтүстік-Батыс бөлігінен бой көтерген жаңа театрдың ғимараты биыл қыркүйек айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Қазір нысанның ішінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Сәті түссе баршамыз театрдың жаңа маусымын сол жерде ашатын боламыз», — деді А.Баталов. Келесі сауалға жауап берген облыс әкімі биылғы жылы жергілікті қазынадан 220 млн. теңге бөлінетіндігін атап өтті. Яғни, бұл қаражат мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету үшін және 9 жаңа көлік сатып алуға жұмсалмақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here