Әдебиет – руханияттың діңгегі

0
275
фото Айдын Нұршанов

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде қазіргі қазақ әдебиетінің үш буын өкілімен арнайы кездесу өтті. Кеш жүргізушісі белгілі журналист, қарымды қаламгер, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының иегері, Қазақтан Журналистер Одағының мүшесі Есболат Айдабосын. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында тұңғыш рет қолға алынып отырған бұл шараны Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған.

Нақтырақ айтсақ, мұндай танымал дарын иелерімен кездесу әр ай сайын Тадықорған төрінде тұрақты түрде өте бермек. «Бұл жастардың әдебиетке деген құлшыныстарын арттырып, ой-өрісін кеңейтуге тың жол ашады» –  дейді мамандар. Осыған байланысты, бүгінгі күнге дейін аймақта екі бірдей әдеби байқау жарияланып, алда жас қаламгердің форумын өткізу кеңінен жоспарланған. Жүздесу жастар алдында сұрақ-жауап пен сұхбат түрінде өтті. Салмақты ой, сараптамалық пікірлерге құлақ түрелік.

Алғашқы сауал аға буын өкілі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері Жұмабай Шаштайұлына қойылды.

Фото Айдын Нұршанов

 – Құрметті Жұмабай Шаштайұлы, сіз осыдан 50 жыл бұрын алғашқы қадамыңызды әдебиеттен емес, қой бағудан бастапсыз. Сондағы бала Жұмабайдың арманы не еді? Сол арманға жеттіңіз бе?

— Рахмет, мен арманға жеттім, жетпедім деп еш ойлаған жоқпын. Мен осыдан жарты ғасыр бұрын яғни 18 жасымда оқу бітіре салып, қойшыға көмекші болып жүрген шағымда басты серігім кітап болды. Алғаш Тургеневтің «Қарсаңда» романын оқып отырып, сондағы махабаттың иесі болсам-ау деп армандадым. Бірақ, адам көп арманға, көп қиялға беріледі. Ең бірінші арман мектебіңе байланысты екен. Біз «Жалын» журналында қызмет етіп, М.Шахановтың қатты сынынан өттік. Сосын газеттен. Ол кезде «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті кез-келген адамның қолтаңбасын бұзып тастап, қайта бастан жазып шығатын. Мен сол мектептен  шықтым да, жалпы проза бөліміне келіп отырдым. Бір күні бір жас қыз келді. Сөйтсем, ол 18 жасында роман жазып, жеңімпаз атанған әйгілі Айгүл Кемелбаева екен. Мен сол қыздың қолжазбасын қатты өзгертіп жіберіппін. Бір уақытта қыз қатты ашуға булығып, маған ауыр-ауыр сөздер айтты. Менде азаматпын ғой, намыстанып кетіп, қарымта қайтарсам керек. Бірде әріптесім Қанипаш Мәдібаева мені оңаша шығарып: «Жұмабай бұлай болмайды, біреудің қолтаңбасын өзгертуге ешкімнің хақысы жоқ. Әркім өз ойын өзінше жеткізеді» – деді. Сол сөз маған қатты сабақ болды. Соны айтқан әріптесім Қанипашқа мәңгі ризамын. Әрі күні бүгінге дейін шексіз рахметімді айтамын. Міне, содан бастап біреудің еңбегіне қол салу дегенді жаным сүймей қалды.

— Жазушы болу туралы ой қалай келді, қой бағып жүргенде келді ме?

— Жоқ. Қазіргі жастардың әнші болғысы келгені сияқты бір кезде елдің бәрінің жазушы, ақын болғысы келді. Онда жазушы деген керемет тұлға секілді көрінетін бізге. Алғаш менің Жазушылар Одағына кіргенімде мүлде басқаша әсер беретін. Сол қасиетті адамдарды көрген соң, біздің де соларға ұқсап жазушы болғымыз келгені анық.

— Сіздің өмір жолыңызға қарап отырсақ, қой бағудан әдебиетке келгенге дейін басқа салаларда қызмет істепсіз. Жоғарғы оқуға да кейіннен түсіпсіз. Сонда сізде әдеби ортаға кішкене ертерек келсем, көптеген құнды дүниелер шығарар едім деген бір өкініш болған жоқ па?

— Болды. Мен жоғарғы оқуға 10 жылдан кейін түстім. Себебі, маған журналист болу қатты ұнады да, соған түсу жолында ғана еңбектеніп жүре бердім. Өкінішке орай, оған түсе алмадым. Кейін біреу сен енді «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына сырттай түсіп алсаңшы деген соң ғана сол мамандыққа оралып, тілді көп қаузадым. Маған сабақ берген адамдардың ішінде Рымғали Нұрғалиев қатты сенім артты. Оған қарай мен де оқуды үздік бітірдім. Сол кісі бірде менің жазған шығармамды көріп, маған: «Басқа он шығарма жазғанша мынадай бір ғана шығарма жаз. Тарихта қаласың, осыдан артық жазба» – деді. Сол сөз маған үлкен демеу болды, үлкен  шабыт берді. Мен бұдан, бір адамның бір ауыз сөзі бүкіл тағдырыңа әсер ететінін түсіндім.

Фото Айдын Нұршанов

Келесі сауал орта буын өкілі, жазушы, журналист «Abai.kz» порталының бас редакторы Дәурен Қуатқа қойылды.

— Дәурен мырза, өкініш демекші дана Абайдың өзі «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп үлкен өкініш білдірген еді. Сізде қандай өкініш пен арман болды?

— Менің де әкем малшы болды. Сол себепті, мен де алғашқы қадамымды қой бағудан бастадым. Мал соңында жүргенде мен де күн тезірек батса екен деген бір ғана арман болушы еді. Себебі, жаз мезгілінде күн ұзақ, қой бағып салпақтап жүрген адамға кеш батпайды. Сол кезде жалпы малшылар қауымында қалыптасқан бір жақсы үрдіс — кітап оқу еді. Бірақ оның авторына да қарамай оқи беретінбіз. Менің ең алғаш оқыған кітабым Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты шығармасы болатын. Кейін жоғары оқуға түскенде қолыма түскен көп кітаптарды оқысам, ол менің сол қой бағып жүргенде авторына қарамай оқи берген кітаптарым екен. Оның бірталайы жазушы Әмірхан Балқыбектің шығармалары болып шықты. Сол шығармалар менің бүгінгі әдебиетке келуіме жол ашты. Енді, өкініш дегенге адам өмірінің соңғы сәттерінде ойланып, жауап іздейтін шығар. Ал, қазіргі кезде бастан өтіп жатқан кемшіліктер болса, оны алдағы күннің есебінен жуып-шайып, толықтауға тырысамыз. Қандай да бір қателіктерді қайталамауға тырысамыз. Адам баласы бір рет жіберген ағаттықтан қорықпау керек. Бірақ, бір қателікті үш қайталаған адам – ақымақ. Бұл жерде маған берілген сауалдың астарында «әдебиетке кешірек келгеніңізге өкініп қалған жоқсыз ба?» деген сауал тұрғаны анық. Жоқ, әрине. Меніңше, әдебиетке жан-жақты зерттеп, зерделеп, әбден толысқан шағында келген де жөн сияқты.

— Енді жас буын өкілі ақын, әдебиеттанушы Айнұр Төлеу ханымға қойылатын сауал кітап жайында. Кейбір қаламгерлер кітапті оқитын кезде оқи алмадық, кітапханаларда көп отыру керек еді деген өкініштерін білдіріп жатады. Сіз ше?

— Кітапқа қатысты өкініш менде де бар. Себебі, маған әдебиеттанушы болу үшін барлық кітаптарды оқып, жан-жақты білу керек деген бір түсінік қалыптасқан. Сонымен кез-келген кітапты қалай да оқып шығуға тырыстым. Осы кезде мен уақытымның көбін қажетсіз кітаптарға жұмсап өткізіп алдым ба деп қынжыламын.

— Бұрын қазақтың дара тұлғалары Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Мағауин сынды аға ақын-жазушылар көп жазатын секілді еді. Мәселен, Сәкен Иманасов та отыз бес кітап жарық көріпті. Сонда кейінгі жастар кітап шығаруға құлықсыз ба? Әлде аз жазама? Бұл үш буын өкілдеріне тең қойылған сұрақ.

Айнұр Төлеу:

— Қазір жастарда жазылып та, шығып та жатқан кітаптар көп. Бірақ мен де бір де бір кітап шыға қойған жоқ. Себебі, мені «Осы менің жазған өлеңдерім оқырманға керек пе? Жұртқа қызық па?» деген сауал ойландырады. Сол үшін жазғандарымды кітап қып шығаруға еш асыққан емеспін. Ал кітабы шығуға тиісті көп жас қаламгерлер маған тіршіліктің қамымен жүрген сияқты сезіледі. Өйткені оларға нан тауып, бала-шағасын асырау керек. Бұрынғыдай қаламақы да жоқ. Сондықтан, кейінгі жастардың жазып жатса да кітаптарының аз шығуы қаражатқа да байланысты ғой деймін.

Дәурен Қуат:

– Бұл жерде  жастар аз жазады, кітап шығаруға құлықсыз деуге де келмейтін шығар. Кейбір ақын көп жазуға қалыптасқан. Ал, кейбіреу өте аз жазады, дағдысы солай. Көп  жазатын жастардың қазірдің өзінде 5-6 кітабы баспадан шығып үлгерді. Олардың біразы мемлекеттік тапсырыспен, енді біразы жеке қолдаушылардың қаржысымен де шықты. Мәселен, мен өзім көп жаза алмаймын, керісінше аз жазамын. Бір тақырыпты ұзақ ойланып, көп қаузаймын. Ол әбден дайын болғанша жариялауға  еш асықпаймын. Бәлкім, том-том кітап шығаруға болатын шығар, бірақ оның салмағы болмаса бекер. Одан аз да болса, елге берері мол болғаны жақсы ғой деп ойлаймын.

Жұмабай Шаштайұлы:

— Жалпы қазір жазылған әрбір шығармаға сын айтып, мынау жақсы, мынау жаман деп саралар жан жоқ. Тіпті, қай жазушының қай деңгейде екенін ажыратудан қалдық. Ұлы Абай: «Қазақ бір нәрсені меңгерейін, білім алып қалайын дегенше, мал тапсам, ақша тапсам деп қана ойлайды» – дейді. Сол кісі айтқандай бүгінгі адамдар да тек ақша мен мал табуды көздеп кетті. Осы нәрсе бізді құртып жатыр. Өсірмейтін де осы.

Салмақты ой, саралы сөз айтылған үш буын өкілімен сұхбат, аймақтағы әдеби саланың әуескерлеріне рухани бір серпіліс әкелгені анық. Себебі, үш қаламгер өз өмір тәжірибелері арқылы жастарға жаңа бағыт-бағдар беріп, қазақ әдебиетінің бүгінгі биігін атап көрсетті.

Бізді TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! App Store-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here