«Тәуелсіздік дәуірі» — тарих қатталған кітап

0
331
Айдын Нұршановтың фотосы

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесері  Маяковскиий атындағы қалалық орталық кітапханасында  қалың оқырманның,  БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті. «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухнаи өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді Ғабит Мүсірепов.

Кітапханашы Е.Аханаова  шараны Елбасының мына сөзімен ашты. «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады.  Мен Тәуелсіздік дәуіріндегі тарихымыз бен Қазақстанның алдында тұрған жаңа міндеттер жайлы баяндай отырып, еліміздің келешегіне көз тастауға тырыстым. Халқымызда «Жол мұраты -жету» дейтін нақыл бар. Мемлекетімізді дамытып, елімізді гүлдендіруге бет түзеген осы ұлы көшке Сіз атсалысасыз. Бағыттан жаңылмау үшін өткенімізге зер салып, алдыңғы буынның тәжірибесінен тағылым ала білу маңызды».

Қалалық орталық кітапханалар жүйесінің директоры К.Сейітжанова қатысушыларды кітап   мазмұнымен таныстырды. Елбасының  «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы тарихи публицистика жанрында жазылған. Еліміздің өткені мен  болашағына қатысты автордың көзқарасы егжей-тегжейлі баяндалған.

Кітапхана қорына күні кеше ғана түскен  кітап мазмұнымен  алдын ала  электронды желілер арқылы  танысқан Күлпан Қалкенқызы жаңа туындыда қамтылған бөлімдерден өзге, соңғы қорытындысында  азаттықтың ақ таңы атқан сәттен осы күнге дейінгі оқиғалардың тізбектеле, қысқаша берілгендігіне тоқталды.

Жаңа кітап біздің заманымыздың ғаламдық мәселелеріне назар аудартады. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміздің  ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге қатысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері баяндалады. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітап елдің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны  аса бай 4 бөлімнен тұрады. Нақтырақ айтқанда, «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы ( 1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыру (2000-2010  жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010-шы жылдар)» бөлімдері оқырман қауымның назарына ұсынылып отыр.

Шараға қатысқан «Жетісу» газетінің тілшісі М. Күмісбекұлы және «Білім» колледжінің студенттері мен  мектеп оқушылары жырдан шашу шашты. Жас ақындар  Астананың 20 жылдығы, тәуелсіздіктің тұғырлығы туралы   ой  толғады.

Осылайша, Тәуелсіз Қазақстан тарихының тағылымы оқырманға жол тартты. Ел тарихынан сыр шертер асыл мұра кітап болып қолымызға тиіп отыр.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here