Айдын Нұршановтың фотосы

 

Дүйсенбі күні Жетісу жұртшылығы мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің 4 мәрте иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы, Жетісудың Әз Анасы Сақауова Бәтима Есболатқызын мәңгілік сапарға шығарып салды. Шараға  Бәтима апаймен үзеңгілес қызмет атқарған танымал тұлғалар, облыс, қала, аудан басшылары және туған-туыстары қатысты. Жақындарының  қайғысына ортақтасқан  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов, бұрынғы Талдықорған облысының әкімі болған, апаймен бірге қызмет атқарған Серік Ақымбеков,т.б азаматтар көңіл айтып, зейінді де зерделі,қазақ халқының адал қызы бола білген Бәтима Есболатқызының еселі еңбегі мен азаматтығын тебірене еске алды.

Тағдырдың маған берген үлкен сыйы болар, желтоқсан айында Бәтима Есболатқызымен жүздесудің сәті түсті. Төрдегі төсекке жайғасқан Әз ана денсаулығы сыр бергенін білдіргісі келмей, күлімдей қарсы алды. Басына тартқан орамалын ауыстырып жатып, қалжыңдай «Әлгі, бір орыстардың киносында бір шал адам қызылдар отряды келе жатса, қызыл бас киім, ақтар келе жатса, ақ бас киім киеді екен. Сол сияқты, мен де қонақтар келген кезде әдемі орамалымды одан да әдемісіне ауыстырып отырамын» дейді күлімдеп. Жарасып тұр. Ашыңқы қабағын көтере түсіп, сауалымызға жауап беруге дайындығын танытты. Бұған дейін «Талдықорған» газетінің бетінде жарық көрген «Ақиқат айтылмай қалмайды» атты мақала сол кезде жазылған еді. Екі сағатқа жуық әңгімелесіп отырып, арманына құлақ түрдім.

«Бәлен жыл соғысып, күндіз күлмей,түнде ұйықтамай соғысқан аталарымыздың арманы орындалды. Екіншіден, қазір еркіндік. Не жасаймыз, не қоямын десеңдер қолдарыңда. Сендер жиырма бірінші ғасырдың әжелерісіңдер. Бірақ, менің ең бір қорқатыным-сендерден кейінгі ұрпақ қалай болады? Әке-шеше оларды қалай тәрбиелейді? Осы қазақы намысын сақтап қала ала ма? Қазақ өзі ерекше халық қой, өздерің білесіңдер. Ақылға бай, сөздің мәйегін теріп, мақал-мәтелдеп сөйлей алады. Қазір бәрі бар. «Арзандады», «қымбаттады» деп жатады. Енді, өмір солай ғой. Көшенің бойы мейрамхана. Күнде той. Соған қарағанда қазақтың өмірі жаман емес. Құдайға тәуба! Бұл мемлекетімізді басқарып отырған Елбасының арқасы,ел азаматтарының арқасы. Еліміз аман болсын, жастар келешекке ие болсын, қазақтың атын жоғалтпасын. Ар намысы үшін күрессін.  Бәріңе Алла амандық берсін, шаңырағымыз биік,босағамыз берік болсын! Мен жақсы жаңалықтарды естісем қуанып қаламын. Мен облыстық дәрежедегі басшылық қызметке 41 жасымда араласыппын. 56 жасымда зейнеткерлікке шықтым. Он бес жыл бекер отырмадым ғой. Жасаған еңбегім далаға кеткен жоқ.Еңбек етсең халық оны ешқашан ұмытпайды. Жақсы көреді.

Кеңестер Одағының 3 мәрте, Тәуелсіз Қазақстанның 1 мәрте «Құрмет» орденін иелендім. Медальдарым да бірқатар. Әр адам өзі еңбек етіп жатқан орнын бағалауы керек. Адалдыққа ештеңе жетпейді. Баяғыда , қызметтегі кезім,маған бір ауылдас болған кісінің баласы келіп, «Апай мен мектеп директоры болғым келеді»дейді. Дәл мен соны директор жасау үшін қызметке келгендей. Кабинетімнен қуып шықтым. «Көзіме көрінбе,аулақ жүр» дедім. Осындай бассыздыққа жол бермеу керек. Мемлекет сеніп тапсырған қызметті, халық сенімін ақтау үшін бар ынта-жігеріңді жұмсауға тиіссің. Айналайындар, аман болыңдар. Ең керегі — денсаулық, дендерің сау болсын! Бұрын «Талдықорған» газетін алып тұрушы едім, кейін ауырып қалған соң аздап қол үзіп қалдым. Маған бар болса, газетіңнен қалдырып кет деді. Мен де апайға арнап апарған біраз басылымдарды столының үстіне қойып, қош айтыстым. Көңілім де көзім де қимай, қоштастым. Парасаты мен пайымы жоғары зерделі жанның өз еліне, өз жеріне деген шынайы махаббатын, сүйіспеншілігін сезіндім. Қазағымның Сіз сияқты адал ұрпағы көп болғай, Асыл Ана, абзал жан! Жаныңыз жәннатта болсын!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here