Ауған асуында от кешкендер

0
257
фото автор

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 29 жыл. Осыған орай бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында «Ауған асуында от кешкендер» тақырыбында тәрбие сағаты өтті.

Мақсаты – Ауған соғысына қатысқандар жайлы жастарға мағлұмат беріп, оларға ардагерлердің ерлігін насихаттау, майданда опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, есімдерін қастерлеуге және отансүйгіштікке баулу. Жиынға Алматы облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Қайрат Жаңабаев, Ауған соғысының ардагерлері Кенжехан Халықов пен Өмірсерік Сүлейменов және кітапхана қызметкерлері мен колледж студенттері қатысты. Жастармен кездесуде алғаш сөз алған Қ.Жаңабаев: «Уақыт сынаптай сырғып өтсе де, ерлік ұмытылмайды. Майданда опат болған жауынгерлерді еске алу бүгінгі жас ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс. Бұл жылдары етегімен қан кешкен сарбаздар қашанда құрметке лайық және жырақта жүріп бейбітшілікті аңсаған соғыс ардагерлерінің ерлігі жастар үшін үлгі-өнеге», — деп атап өтті. Сондай-ақ, Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы кітапхана ұжымына тәрбиелік мәні зор осындай шараларды жылда ұйымдастырып келе жатқандығы үшін шынайы ризашылығын білдірді. Өз кезегінде сөз алған Ауған соғысының ардагерлері жастарды патриот болуға шақырды. Жақсы білім алуға, үлкенді құрметтеуге және еліміздің атын шығаратын абыройлы азамат болып қалыптасуына тілекші екендіктерін білдірді.

Кездесу барысында рухты көтеретін әндер шырқалды және көрермен назарына «Мен көрген соғыс…» тақырыбында бейнефильмі ұсынылды. Жиын соңында аталмыш кітапхананың директоры Бақтылы Баймолдақызы сөз алып, шара маңызына тоқталды. Қонақтарға Алғыс хат ұсынып, сыйлықтар табыстады.

Айта кетейік, Қазақстаннан Ауған соғысына 20 мыңнан астам адам қатысып, олардың 761-і қаза тапқан, 21 адам хабарсыз кеткен. Бүгінде елімізде 10 мыңға жуық Ауған ардагері бар. Олардың 3 мыңдайы мүгедектер қатарында.

 

Бізді TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! App Store-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here