Арман Әшімов: Басты мақсатым – жат жұртта еліміздің туын көтеру

0
403
Дереккөз

Бүгін ережесіз жекпе-жек спортының шебері, М-1 чемпиондық титулының уақытша иегері Арман Әшімов Талдықорған қаласына табан тіреді. Спортшыны жетісулық жанкүйерлері қалаға кіре беріс жерден құрмет көрсетіп, арнайы күтіп алды. Қазақстандық саңлаққа өздерінің қолдауларын білдіруге Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен каратэден Әлем чемпионы Мерей Сүйінов келді. Жиналған жұртшылық спортшыға құтты болсын айтып, ізгі тілектерін ақтарды.

Айдын Нұршановтың фотосы

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде спортшымен баспасөз мәслихаты өткізілді. Брифингке облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев, Қазақстан ММА федерациясының президенті Анатолий Ким және Арман Әшімовтың жеке бапкері Нұрлан Аманқұлов қатысты. Жиында алғаш сөз тізгінін алған Тұратбек Төлеубекұлы, биылғы жыл жетісулық спортшылар үшін сәтті басталды деп атап өтті. Атап айтқанда, Халықаралық және республикалық жарыстарда облыс спортшыларының асығы алшысынан түскен. Соның бірі – Арман Әшімовтың жеңісі болып отыр.

Спортшы 1992 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы Бесағаш ауылында дүниеге келген. Бүгінде спорттың бірнеше түрінен спорт шебері. Яғни, джиу-джитсу, ММА, ұлттық жекпе-жек спортынан және кикбоксингтағы бағындырған шыңдары айтарлықтай. Жалпы жетістіктеріне тоқталсақ, 2017 жылдың өзінде ғана Атырау қаласында өткен жекпе-жек ұлттық спорт түрінен Әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар, аралас жекпе-жектен Ингушетияда өткен M-1 Challenge 81 турнирінде ешқашан жеңіліп көрмеген дағыстандық спортшы Гаджимурад Алиевті ұтып, жасындай жарқылдады. Осы кезден бастап спортшыға қызығушылық танытқандар көп болған. Іле шала оған тиімді келісімшарттар ұсынылып, екінші кездесуінде Арман бразилиялық Родриго Мелониды да нокаутпен ұтты.

Ал, отандасымыз M-Challenge 87 MMA бойынша 9 ақпанда Санк-Петербургте өткен Халықаралық турнир кешінде Фин спортшысы Микаэл Силандрмен кездесіп, уақытша чемпиондық атаққа таласқан. Аса жеңіл салмақта жарыс алаңына шыққан спортшымыз екінші раундта өзіне тән ұрыс тәсілімен қарсыласын нокаутқа түсіріп, жеңімпаз атанды. Нәтижесінде Арман М-1 чемпиондық атағын иеленген алғашқы қазақстандық спортшы атанып отыр. Енді оған алдағы уақытта белбеулерді біріктіру үшін жарақатына байланысты қатардан шығып қалған қазіргі кездегі украиналық чемпион Александр Доскальчукқа қарсы жекпе-жек өткізуі керек. Бұл кездесу шамамен биыл жаз айларында болып қалуы ықтимал.

Жиын барысында Т.Шарапиев 2018 жылдың желтоқсан айында ММА спортынан ҚР-ның кубогы Талдықорған қаласында өтетіндігін айтып қалды. Өз кезегінде сөз алған Қазақстан ММА федерациясының президенті Анатолий Ким аталмыш спортқа жағдай жасап жатқан облыстық спорт басқармасына алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Айтуынша, Алматы облысында ММА спорты жақсы дамып келеді, нәтижесінде спортшылар жақсы көрсеткіштерге ие болуда. «Біз осындай қарқынмен алға жылжи беретін болсақ, әлемдік ареналарда абыройымыз артып, спортшыларымыздың жұлдызы жанады. Бәсекеге қабілетті боламыз», — дейді А.Ким.

«Әр жаттықтырушы өзінің шәкірті бәйгеден озып шыққандығын қалайды. Сол үшін тынбай еңбек етіп, спортшыларымен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Арманнға келетін болсақ, Алланың қалауымен осындай жеңіске жетіп отырмыз», — деген жеке бапкері Нұрлан Аманқұлов қазіргі таңда ММА бөлек, джиу-джитсу және әскери самбо сынды бірнеше спорт түрлерінен де шәкірт тәрбилеп отырғандығын тілге тиек етті.

«Басты мақсатым – жат жұртта еліміздің туын көтеру. Алдағы уақытта да сәтін салса, талай шыңдарды бағындыруды көздеп отырмын. Маған қолдау көрсеткен демушілерге, жеке бапкеріме айтар алғысым шексіз және ілтипат білдіріп, қолдау көрсетіп жатқан барша жанкүйерлеріме шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұрындары ата-бабаларымыз жеріміздің шетін жау баспасын деп атқа қонса, бүгінгідей бейтбітшілік заманда біздер еліміздің намысын осы спорт саласында қорғап жүрсек, нұр үстіне нұр болмақ», — дейді Арман Әшімов.

Айта кетейік, Арман Әшімов – ММА спортынан Қазақстан кубогының иегері, Қазақстан чемпионы, Еуразия және Еуропа К-1 жарыстарында жеңіске жеткен. Alash Pride ұйымдастырған бірнеше турнирлерге қатысқан.

 

Бізді TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! App Store-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here