Сұлу саздың сәулетшісі

0
118
Айдын Нұршановтың фотосы

Оның шығармаларына зер сала үңілер болсаң, ұлттық рухтағы дәстүрлі әндер шығаруға тым жақын екенін аңғарасың. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі ыбырай, Балуан шолақтай халық сазгерлерінің ізін жалғастырушы, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, сазгер Мұратхан Егінбаев биыл мерейлі 80 жасқа толып отыр. Осыған орай Ақсу ауданы, Талдықорған қаласы және Алматы облысының құрметті азаматы мәртебесін иеленген ағамыз Оқушылар сарайында «Өнерім – өмірім» атты кездесу кешін өткізді.

Мұратхан Сұлтанбайұлы 1939 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған Мұратханды қанша талпынсада арнайы музыкалық білімің жоқ деп коцерваторияға қабылдамай қойыпты. Содан 1958 жылы Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылық институтының сәулет өнер факультетіне оқуға түсіп, жоғары білім алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Алматы облысы, Ақсу ауданында бастап, 25 жыл ауданның бас архитектор қызметін атқарған. 1987-1997 жылдар аралығында орта мектептерде ән-күй пәнінен сабақ берді. Қызмет жасай жүріп, ән жазуды да тоқтатпады. Соның нәтижесінде, композитор туындыларының бірталайы облыстық және республикалық байқауларда жүлдеге ие болды. Бірқатары түрлі әнжинақтарға да енген.

1980 жылдан бастап, Талдықорған, Алматы, Астана қалаларында Мұратхан Егінбаевтың шығармашылық кештері жүйелі түрде өткізіліп келеді. Сазгер жалпы саны 250-ге жуық ән, терме, толғаулар шығарған.

Кездесу кешінде Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты, ҚР-ның еңбек сіңірген Мәдениет қызметкері Бақыт Түстікбаев сөз алып, қала әкімінің ыстық сәлемін жеткізді. Жолдаған құттықтау хатын оқып, сазгерге ақ тілегін ақтарды. Иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Артынша, қонақтар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, сазгердің өнегелі өмірі тыңдалды. Жалпы, бұл өнер Мұратхан Сұлтанбайұлына  нағашы жұртынан дарыған деседі. Айтуынша, нағашы атасы қолы шебер ұста болған екен. Атасы немересіне ағаштан домбыра жасап берген кезден-ақ, бала Мұратханның музыкаға деген ықыласы оянады. Оқушы кезінде 4 ән 1 күй шығарып, өзінің композиторлық қабілетін көпшілікке таныта бастайды. Атап айтсақ, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сағындым» атты әні оның ең алғашқы туындысы. Бүгінде аталмыш ән халық арасында кеңінен танымал.

Кездесу барысында композитордың әндері шырқалып, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Кеш соңында Мұратхан Сұлтанбайұлы ыстық ықылас танытқан жандардың барлығын шынайы ризашылығын айтып, алғысын білдірді.

 

Бізді TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! App Store-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here