Бақыт бақыт бола алар ма ұшпаған?!

2
1027
Дереккөз

Құрметті ойлы оқырман, жыр сүйер қауым. Бұдан былай «Талдықорған» газетінде және сайтында арнайы әдебиет беті жарық көреді. Онда танымал ақын-жазушылардың,  жас дарын иелерінің отты жырлары мен шағын әңгімелері, эссе, очерктері үзбей жарияланып тұратын болады. Әр туынды жан-жақты сараланады. Жақсы шығармаларға еш шектеу жоқ. Жаңа айдардың шымылдығын жер жаннаты Жетісудың ақын қыздарының бірі де бірегейі Сағыныш Намазшамованың өлеңдерімен түруді жөн көрдік.

Сағыныш Намазшамова

Сезбегенде,
сезеді ғой іш енді,
Бара-бара Бақыттың да түсі оңды.
Тозбайтындай көруші едім, құлдығым,
Боталы көз, тұлпар қанат, құс өңді.

Салмақ салып жібердік-ау біз саған,
Болмайды екен сені қолға ұстаған.
Уақыт уақыт бола алар ма ұсталса,
Бақыт бақыт бола алар ма ұшпаған?!

Сені ұшырып жіберейік еркіңе,
(Сонда дауа табылар ма дертіңе),
Қастер тұтып, қабағыңа қарасам,
Қызыққаннан емес еді көркіңе.

Жерлік бақыт – айырылысу, жүздесу,
Тек сол үшін шартараптан із кесу.
Қос тағдырды табыстырдың – бастысы,
Табандылық танытпасақ, бізге сын.

Қанша қашсам, бәрібір кеп құшады ой,
(Миыма ұя сап салған ба ұсақ ой?!)
Қанатыңнан сипайыншы соңғы рет,
Содан кейін… ұша ғой.

*   *   *

Бұл көктем ерекше, бұ қалай?
Қайтесің, ол жайлы сұрама.
Жүрекке көк өнді дүр етіп
Жып-жылы шуаққа шыдамай.

Жандырып тұрса да ыстық дем,
Жүрегім шайлыққан үштіктен.
Өзегімді өртеген өлеңді
Өз тілінде айтсыншы құс біткен.

Аяулы, ардақты, асыл күн,
Тасындым,
ашындым,
басылдым.
Бомбалар
ішінде басымның
Жарылып жатқанын жасырдым.

Бұл туралы айтуға бүгін кеш,
Өкініш сезілмес үнімде еш.
Соқ, жүрек,
сергек деп ойласын,
Жау, жаңбыр,
жасым да білінбес.

Маңайды бастаса түн көме,
Жүрегім, тығылшы іргеме.
Деп қойып жүрмеші бірдеңе,
Үндеме!
Тыссс…

*   *   *

Ештеңе де қинамайды мені енді,

Көкшіл түске бояп алдым төбемді,

Төрт қабырғам сан түске еніп құбылса,

Шексіз мына әлем сынды көлемді.

 

Ести алсаң бояулардың дауысын,

Сезіне алсаң жүрегінің қағысын,

Көре де алсаң сусып жатқан ағысын —

Соның бәрі ем тілеген жан үшін.

 

Жанарымның жарқылы да қосылған,

Көңілімнің салқыны да қосылған

бояуларды мидай араластырып,

Қабырғаға сурет салып отырған,

Мені көрсең, таң қалма.

Қауырсындар

Қауырсындар, қауырсындар!
Бір ерек қауымсыңдар.
Кімдерге ауырсыңдар,
Кімдерге бауырсыңдар.

Қауырсындар!
Құстарға медетсіңдер,
Ұшқанға себепсіңдер.
Кімдерге елеусіздеу,
Кімдерге керексіңдер.

Қауырсындар!
Нәп-нәзік, балаңсыңдар,
Бәріне алаңсыңдар.
Кімдерге сынық қанат,
Кімдерге қаламсыңдар.

Қауырсындар!
Үлпілдек мамықсыңдар,
Сонда да алыпсыңдар!
Жетем деп ұмтылғанмен
Көк пен жер арасында
Қалықтап қалыпсыңдар…
Әттең…

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

2 ПІКІРЛЕР

  1. Сыршыл өлеңдер. Жанымды тербетті. Шалқар шабыттың шанағында тербеле бер, Сағыныш. Сезімдерді қияндарға алып ұш!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here