Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының жетінші тармағында «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын,тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс еді.

Фото авторы Айдын Нұршанов

Талдықорған қалалық Ардагерлер кеңесі  ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауын басшылыққа ала отырып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы  аясында «Тарих-естің негізі» атты ғылыми конференция өткізді. Қазақтың дара туған тұлғаларының бірі ақын Сара Тастанбекқызына арналған конференцияға ғылыми кеңес пен рухани кеңестің мүшелері, ақын Сараның ұрпақтары қатысты.   Шараны  жүргізген «Рухани кеңестің» жетекшісі Хания Есдәулетова Жетісу жеріндегі ақиық ақындардың арасында қадір тұтуға лайық тұлғаның өмір жолы мен мұрасы туралы айтты. Алматы облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы  Оралбек Жақиянов, ақын Сара мұрасын зерттеуші Салтанат Меңлібаева, Мәдениет саласының ардагері Таңатар Алшабеков , І.Жансүгіров атындағы ЖМУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымының кандидаты Сайлау Қожағұлов, өлкетанушы Жемісбек Толымбеков, ақынның жерлестері мен ұрпақтары тағылымды ой-пікірлерін ортаға салды. Шараның маңыздылығына тоқталды.

Фото авторы Айдын Нұршанов

Сара Тастанбекқызының немене ұрпағы-Айым және Бақдәулет Ғазиз балалары ақынның өлеңінен үзінді оқып, жиналған жұртты тәнті етті.  Конференция қорытындысында жиналғандар Сара Тастанбекқызының рухына тағзым ретінде туғанына 165 жыл толуына орай облыс деңгейінде өтетін шаралар барысында  «Ақын Сара рухын асқақтатайық!» тақырыбында барша қазақстандықтарға арнап үндеу тастады.

       ҮНДЕУ

Құрметті жетісулықтар!

Елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізге алынып, түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Рухани жаңғыру дегеніміз- жаһандық өзгерістер легінде өз ұлтымыздың мәдениетін сақтап қалу, ұлттық болмысымыз бен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу. Тарихымызды тануға, өткенімізді білуге  ұмсынуымыз жәй ғана қызығушылықтан емес, ұрпағымыздың болашағына жетелер мақсаттардан туындап отырған қажеттілік.  Жыр қазынасына табиғат сыйлаған зор талантының арқасында өзіндік үлесін қосып, мол мұра қалдырған ақындарымыз Жетісу өлкесінде көптеп саналады. Сондай дара тұлғаның бірі- жастайынан сөз маржанын тере білген, қазақ әйелінің тағдырына араша түсіп, азаттық алуына бірден-бір мұрындық болған, ақындығымен танылған Сара Тастанбекқызы. Ол он сегіз жасқа енді толған шағында, арқаның сал-серісі атанған Біржанмен айтысып, ел аузында қалды. Өзі өмір сүрген ортаның келеңсіздіктерін өткір сөзбен өріп, надан әрекеттерді сынап, әшкерелеп береді. Бойында дарыны мен аузында жалыны бар ақын қыздың өлеңдерінен оның сыпайы, әдепті де мәдениетті, тәлім көрген тәрбиелі адам болғанын танимыз. Ақынның жырларын заманымыздың заңғар жазушысы  Мұхтар Әуезовтен бастап, халқымыздың дара тұлғалары  Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек,әдебиет зерттеушісі Шеген Ахметов, қаламгер Зейтін Ақышев, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, ғалымдар жоғары бағалады. Саңлақ Сараның есімін зор құрметпен есімізге ала отырып, тарих қатпарында қалып қойған қателіктерді қайта түзеу- міндетіміз. Айдай анық дүниелер, әсіресе, ақынның туған жылы мен дүниеден өткен шағы әртүрлі жағдайлармен кезінде бұрмаланып кетті. Оны нақты дәлелдермен түзеген жазушылар, ғалымдар мен журналистердің еңбегін ескеріп, ұрпақтары келтірген дәлелдерге сүйеніп, нақты туған жылы- 1853, қайтыс болған жылы-1907 жыл  деп, қабылдауға Үндеу жолдаймыз.

Барша қазақстандықтарды  ақын Сара Тастанбекқызының туғанына 165 жыл толуына байланысты шараларға атсалысуға шақырамыз.

Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі, ғылыми және рухани кеңес мүшелері.

                                     

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

1 Пікір

  1. Аса орынды ұсыныс, орынды пікір. Біржан мен Сара айтысының негізінде Жүсіпбек Аймауытов бастаған қазақ зиялылары Қазан төңкерісінен бұрын Семей қаласында қойылым ұйымдастырған. Сөйтіп қазақ операсының тиянағы дүниеге келген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here