Олимпиадаға 11 келі салмақ қуып бардым

0
324
Сурет авторы: Жеңіс Ысқабай

Спорт деген бір сиқыр. Мұнда тек рухы биік жандардың ғана жұлдызы жанады. Мықты деген небір алыптардың өзі қателіктерге бой алдырып, жарыс жолынан шығып қалып жатқандығын спорт сахынасынан көріп жүрміз. Демек, аламанда топ жару үшін спортшыға күш жағынан ғана емес, психикалық тұрғыдан да мықты болу керек. Сондай саңлақтың бірі Халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Дәурен Жұмағазиев. Оның осы уақытқа дейін бағындырған шыңдары да айтарлықтай. Құрметті оқырман! Жас балуанның еңбекқорлығын аша білген Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Серік Қантайдың спортшымен жүргізген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

— Дәурен, әңгімемізді 2017 жылы желтоқсанда өткен Конфедерация кубогынан бастасақ. Жеті ай үзілістен кейін кілемге қайтып оралдыңыз. Шыны керек, мұны көп ешкім күтпеді. Бәрі «бапкерлікке бет бұрды» деп жүрді.
-Жалпы, Конфедерация кубогы спортшылардың жыл қорытындысы десеек те болады. Төрт спортты біріктіріп, бір аренада, бір уақытта өткізу өте керемет идея. Сегіз айға жуық тіземнің жарақатынан кілемге шықпадым. Сол тұста ағайларыммен келісіп, футболдағыдай «ойыншы жаттықтырушы» мәртебесін алдым (күлдім). Жарақаттан жазылған соң, күніне екі уақыт жаттықтым. Ал күресте жеті-сегіз ай жаттықпай кілемге шықсаңыз, өте қиын болады. Конфедерация кубогындағы өзімнің өнеріме риза емеспін. Әлі де дұрыс қалыпқа келе алмағаным байқалды. Олқылықтардың орнын толтыру үшін еңбектеніп жатырмын.

-Конфедерация кубогының финалында шығысқазақстандық Бақытбек Тұрсыновпен кездесуің де көңіліңізден шықпады ма?
— Шығыс Қазақстан мен Алматы облысының балуандары екінші рет Конфедерация кубогының финалында кездесті. Екі жыл қатарынан кез келген команда шыға бермейді ғой. Финалдық кездесуде бапкерлердің тактикасы болды, егер жалпы есеп 4:4 болып қалған жағдайда таза жеңіс, болмаса ұпайдың басымдығы әсер етеді. Жаттықтырушылар «10:0 есебімен жеңу керек, болмаса таза жеңіске жету керек» дегенді құлағыма құйды. Сол сөз санамда қатып қалғандай болды. Белдесу басталғаннан бірден шабуылдадым. Бірінші кезеңді сәтті өткіздім де, екіншісінде иғымның сіңірін жыртып алдым. Соңғы бір-екі минутты иғымды қорғаумен өткіздім. Бастапқыда алған ұпайларым жеңіске жеткілікті болды. Сол жарақатыма байланысты Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров турниріне қатыса алмадым.

-Жеті ай бапкер болып жүрдім дедіңіз ғой, сол сәтте көзіңізге оттай басылған балуандар болды ма?
-Алматы облысы жалпы балуанға бай мекен ғой. Залда жүргенде балуандарға білгенімді айттым, үйреттім, көмектестім, көрсеттім. 57 келіде Жандос Исмайылов есімді бауырымыз жақсы келе жатыр. Сол сияқты Қуаныш Омаров пен Рүстем Мырзағалиев сынды інілерімнен де үлкен үміт күтемін.

-Балуан үшін керекті үш қасиет?

-Нәтиже көрсету үшін, біріншіден — күнтәртібін ұстану, «режимнен» шығып кетпеу, екіншіден— еңбекқорлық және үшіншіден- намыс болу керек.

— 2011 жылы Ыстамбұлдағы әлем чемпионатының жартылай финалында 60 келіде пуэрто-риколық Франклин Гомеспен кездесудің соңғы сәтінде әдісті сіз жасайсыз, бірақ екі ұпайды қарсыласыңызға береді. Финалға Гомес шықты. Өкінетін сәттер бола ма?

-Сол уақыттағы ережеге сәйкес ұпай берілген шығар.  Оған өкінбеймін. Өтті, кетті. Кейде осы белдесудің жазбасын қайта қараймын: өзім үшінші кезеңде тұрып қаламын да, шабуыл жасамаймын. Ал бірінші кезеңнен бастап қарасаңыз, бір секунд қалғанда ұпай алып, сол аралықта ұпай беремін. Екінші кезеңде бес секунд қалғанда өзім қарсыласымды ту сыртыма шығарып алып, абырой болғанда ұпай бермедім. Үшінші кезеңнің аяқталуына бес секунд қалғанда қарсыласым аяғыма өтті, сол сәтте «петон» деген әдіс бар, соған орайы келіп тұрды. «Істесем бе, істемесем бе?» деп екі-ұшты ой болды. «Тәуекел!» деп қысып ұстап тұрған жерімнен лақтырдым. Егер ол жерде төрешілер 2:2, 2:1 ұпай бергенде, тіпті ұпайды қалай берсе де, жеңіс менікі еді.

-Қола медаль үшін болған кездесуде грузин балуаны Малхаз Заруканы айқын басымдылықпен жеңдіңіз. Бұл Мәулен Мамыровтан кейін араға 14 жыл салып әлем чемпионатынан қазақ баласының алған жүлдесі есебінде тарихқа жазылды. Қола медаль үшін болған кездесуге кеңінен тоқталып өтіңізші.

-Бұл кездесу де үш кезеңге созылды. Біріншісінде қарсыластың аяғын алып тұрып, жіберіп қойдым. Екінші кезеңде екі шабуыл жасап 2:0 есебімен алға шығып, ал үшінші кезеңде екеуміздің де шаршағанымыз білініп, бір-бірімізді күтіп жүрдік. Бұл турнирдегі алтыншы кездесуіміз болған соң, қатты шаршадық. Малхаздың күрес мәнерін осыған дейін Еуропа біріншілігінде көргенмін. «Келешекте қарсылас болып қалады-ау» деп қадағаладым. Сондықан оның қалай өтетінін, қандай әдіс жасайтынын білетінмін. Жүгіріп екі аяққа өтіп кетеді. Мен соған дайындалып жүрдім, аяғыма кірді, мен кері лақтырдым да, таблоға қарасам, уақыт аяқталуға жақын қалыпты. Жеңіліп жатыр екенмін деп екі секунд қалғанда керсінше тағы лақтырдым. Үшінші кезең аяқталғанда есеп 5:0 болған, қарсы тарап келіспей, «челлендж» алады. Қайталау барсында әдісім таза болғаны дәлелденіп, тағы бір ұпай қосылды. Үшінші кезеңді 6:0 есебімен аяқтадым.

— Лондон олимпиадасының 1/8 финалда Иран балуаны Масуд Есмайылпурдан жеңілдіңіз. Жалпы, Олимпиадаға дайындық қалай болды?

— Дайындық өте керемет болды. Тек салмағымды Олимпиадаға дейін қатты өсіріп алдым. Сол кездегі таза салмағым 71 келі болды. Мен 60 келіде сынға түсуім керек. Яғни 11 келі салмақ қуып, соған күшімнің бәрін жұмсадым.

— Рио олимпиадасы ше? Біздің Қазақстаннан 65 келіде ешкім қатыспады. Іріктеу турнирлерінде Саятбек Оқасов, Мейіржан Әшіров және өзіңізді есепке алғанда, жалпы, үш мүмкіндікті беріп қойдыңыздар.

— Қарасаңыз, 65 келі — әлем бойынша ең мықты балуандар шоғырланған салмақ дәрежесі. Бұйырмады. Кім жеңілгісі келеді, барлығы барын салды, қолдан келгенін істеді.

-Майк Тайсон: «Мен чемпион болып, жеңіске жеткенде достарым менің кім екенімді көрді, ал жеңіліп, уақыт езгісіне түсе бастағанда достарымның кім екенін көрдім,-дейді. Сіз де осындай бір кезеңді өткізген сияқтысыз.

-Жалпы, өмірдің өзі солай ғой. Кім жетістікке жетеді, оның қасында адамдар көп болады. Спортта да тура сондай. Жеңіске жетсеңіз бәріне қажетсіз, жеңіле бастасаңыз жаныңыздан адамдар сирей береді. Жаныңызда шын жаны ашитын адамдар ғана қалады.

-Күрес өмірлік жолыңыз болғанына көңіліңіз тоғая ма?

-Керсінше, таңдағаныма қуанамын. Көп жақсылықтың бастауы болды, әлі де жемісін көріп келемін.

Біздің анықтама: Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Шоқан ауылында 1989 жылы шілденің 19-ы күні дүниеге келген. Бес жасында аттан жығылып, аяғын сылтып басып жүргенде әкесі «қатардан қалмасын» деп күрес үйірмесіне берді. Алғашқы бапкері – Ғалымбек Жорабеков. Жеке бапкері – Руслан Өмірәлиев. Ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің және Алматыдағы Қаркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының, Қазақ туризм академиясының түлегі.  Әкесі Нұрдәулет Мұхамеджанов пен анасы Анархан Үмбетәлина екі бала тәрбиелеп өсірді. Сымбат есімді қарындасы бар. Еркін күрестен Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011), Азия чемпионы (2011), Азия ойындарының қола медалін (2010) алды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here