Талдықорғанға құны 27 млн теңгеден асатын медициналық аппарат жеткізілді

0
848
Айдын Нұршановтың фотосы

Алматы облысында әр жыл сайын алты мыңнан астам бала өмірге келеді. Алайда, шала туған нәрестелер саны да көп. Олардың өмірін сақтап қалу мақсатында Болат Өтемұратов атындағы қайырымдылық қоры облыстық перинаталдық орталықтың медициналық жабдықтар қатарын құны 27, 1 млн. теңгені құрайтын озық үлгідегі жасанды тыныс алу  аппаратымен толықтырды.

Сәбилердің  денсаулығын нығайтуға бағытталған құрылғыларды қор басшысы Марат Айтмағамбетов салтанатты түрде табыстады.  Оның айтуынша, құрылғыға қажетті қаражат тамыз айында Бурабайда өткен қайырымдылық велошеруінен жиналған. Айта кетейік, аталмыш қор мен “Rixos Borovoe” қонақ үйі бірігіп  жыл сайын Burabike қайырымдылық велошеруін ұйымдастырады.

Осы және өзге де бірқатар жаңалықтар  денсаулық сақтау мекемелерінің 2017 жылы атқарған жұмыстары және 2018 жылға арналған жоспарларына байланысты жиында мәлім болды.  Аталмыш шараға қатысқан  қала әкімі Бағдат Қарасаев,  орынбасары Марлен Көлбаев, Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ысқақ медицина саласы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде қарқынды түрде дамып  жатқандығын айтты. Алғаш болып баяндама жасаған Марлен Қапашұлы халықтың денсаулығын нығайту еліміздің басты міндеті болып табылады деп,  өңірімізде аурудың алдын алу үшін атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Бүгінгі таңда Талдықорғанда  950 дәрігер қызмет етеді. Олардың 30 % зейнеттегі және зейнет жасына дейінгілер құрайды. Барлық мекемелер жыл сайын жас мамандармен толығып отырады. Алайда, жиынға қатысушылар  кадр тапшылығының бар екендігін де жасырмады. Мәселен, шаhарымызға 78  дәрігер қажет. Жұмыс істеуге ниетті жастар баршылық, дегенмен олардың барлығы басшылықтан ең алдымен баспанамен қамтуды сұрайды. Осы орайда қала әкімі жас мамандарға арналған арнайы жатақхана салу туралы ұсынысын жеткізді.

Қалалық көпсалалы аурухана басшысы Сәуле Құсмолданова өңіріміздегі биылғы басты жаңалықтардың бірі — көзді лазерь сәулесімен емдеу екендігін тілге тиек етті. Білікті мамандардың көмегімен бір ғана жылда 50-ден астам ота жасалған. Ағымдағы жылға бұл межені 100-ге жеткізу жоспарлануда.   Емдеу мекемесі  магнитті-резонансты томография, эндобейнехирургия , эксимерлік лазерь, барокамера сынды әлемдік стандартқа сай құрылғылар арқылы жетісулықтарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here