Табиғи газдың тиімділігі мол

0
198
Айдын Нұршановтың фотосы

Талдықорған қаласын газбен қамту бойынша І-ші кезеңнің жұмыстары толығымен аяқталды. Яғни, Абылай хан көшесімен қаланың айналма жолындағы жаңа ғимараттарға, «Қаратал» шағын ауданы, облыстық аурухана маңайы, темір жол вокзалы және қаланың орталық аудандарына газ желісі тартылған. Қазір газды үйге қосу жұмыстары атқарылып жатыр.

Осыған орай бүгін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының мамандары мен қала әкімдігінің қызметкерлері тұрғындарға табиғи отынға қосылудың тиімділігін насихаттау мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда 275 абонент табиғи отынның пайдасын көріп отыр. Солардың бірі Жетісу сазы көшесінде орналасқан №13 үйдің тұрғыны – Қанат Омаров.

Оның газға қосылғанына бір ай уақыт болған. Айтуынша, монтаждау жұмыстарына 160 мың теңге қаражат жұмсапты. 70 шаршы метрлік үйіне 60 мың теңгенің пешін орнатқан. Қазір табиғи отынның қызығын көріп отыр. «Бұрын көмір алып есіміз шығатын. Бір қыста 5 тоннадай көмір жағамыз. Оған 70 мыңдай ақшамыз кетуші еді. Мына газ келіп, жақсы болды. Біз үйді жылытқанға және газ плитаны қосып есептегенде бір айда 500 куб мөлшерінде газ тұтынамыз. Яғни, мұндағы газдың бір кубы 36 теңге болса, айына шамамен 18 мың теңге төлейді екенмін. Өте қуаныштымын», — дейді көгілдір отынның тиімділігімен бөліскен ағамыз.

Қала тұрғыны Людмила Ивановна да табиғи газдың қызығын көріп отырғандардың бірі. Ол өткен жылдың 29 желтоқсанында ғана газға қосылған. «Арнайы мамандар келіп, 4 күннің ішінде барлық жұмысты тындырып кетті. Маған, әсіресе үйдің температурасын өзіме қолайлы етіп, өзгерте алатындығым қатты ұнады», — деген ол барлық қала тұрғындарын газға қосылуға кеңес беріп отыр.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Жайық Алишевтың айтуынша, бүгінгі күнде газға қосылған 275 абонеттің барлығы тек жер үйдің тұрғындары ғана. Ал, көпқабатты үйде тұратындар табиғи газға қосылмай отыр. Осыған орай мамандар «Қаратал» шағын ауданында орналасқан 116 үйдің тұрғындарымен кездесіп, табиғи отынға қосылуға шақырды.

«Біз көпқабатты үйді газға қосу үшін барлық пәтер иелерінен рұқсат сұраймыз. 5-6 пәтер үшін газды қосу мүмкін емес. Барлық тұрғын бір ауыздан өтініш білдіріп сұраған жағдайда ғана іске көшеміз», — деген Жайық Алишев бір пәтерді газға қосу құны 45 мың теңге құрайтынын айтады.Ал, орталықтандырылған газға қосылған, үйінде есептеуіш құрылғысы бар пәтерлерге табиғи газды орнату оданда арзан бағаға түспек. Сонымен қатар филиал директоры тұтынушыларды газбен қамту мен газға жаңадан қосу үшін техникалық және ресурстық жағынан толық мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жағдайы төмен отбасылар үшін газдандыру шығындарын 3-6 ай ішінде бөліп төлеу қарастырылған.

Айта кетейік, Талдықорған қаласына газ желісін тарту жұмыстарының ІІ-ші кезеңі үстіміздегі жылдың маусым-шілде аралығында аяқталмақ. Сондай-ақ, үшінші кезеңде «Шығыс» ша­ғын ауданы мен Өтенай ауылдық окуругі, Жансүгіров, Алматы, Тілек Әбжалиев кө­ше­сінің тұрғындары табиғи газға қол жеткізеді. Соңғы кезекте Ер­кін, Көктал ауылдары мен қала ма­ңы­н­дағы саяжайларды көгілдір отынмен қамту жоспарланған.

Әлеуметтік желіде бөлісіңіз
Facebook
Twitter
SOCIALICON
Instagram

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here