Бизнес өкілдеріне медальдар мен алғыс хаттар тапсырылды

0
377

Талдықорған қаласында Алматы облысындағы кәсіпкерліктің дамуы жөніндегі қорытынды кездесу өтті. Іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Өңірлік кеңес мүшелері, мемлекеттік құрылымдар мен кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктері қорытындыланып, өңірдің экономикалық әл-ауқатын жақсартуға еселі үлес қосқан кәсіпкерлерді марапаттау салтанаты ұйымдастырылды.

Елдос Рамазанов Алматы облысы — бизнес пен жергілікті атқарушы билік арасында қалыптасқан ашық, сындарлы өзара қарым-қатынастың үлгісі екенін атап өтті.

«Әкімдік тарапынан жергілікті кәсіпкерлікке үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Инвестицияны тарту бойынша қолайлы мүмкіндіктер жасалған. Кәсіпкерлердің Өңірлік кеңесі де маңызды рөл атқарады. Облыстағы түрлі мәселелерді шешуде, жаңа бағыттарды жоспарлау мен іске асыру жөнінде тиімді сұхбат алаңына айналды», — деді Елдос Рамазанов.

Басқарма төрағасының орынбасары Алматы облысының басшылығы тарапынан кәсіпкерлік саласына көрсетіліп отырған қолдау үшін алғысын білдіріп, өңір әкімі Амандық Баталовқа «Атамекен» ҚР ҰКП «II дәрежелі Ісіне адалдығы үшін» медалін табыстады.

Экономиканы және жеке кәсіпкерлікті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «III дәрежелі Ісіне адалдығы үшін» медалімен Өңірлік кеңес мүшесі, «Кассанжар» ЖШС директоры Жанатбек Сарғалдақов марапатталды.

Бизнес қоғамдастықпен белсенді қарым-қатынас орнатқаны үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрмет грамоталарымен аудандар мен қалалардың бірқатар әкімдері марапатталды. Олардың қатарында Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев, Қапшағай әкімі Талғат Қайнарбеков пен Қарасай ауданының әкімі Махббат Бигелдиев бар.

Қорытынды кездесуде өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосқан кәсіпкерлерге облыс әкімі, ҰКП Іскер әйелдер кеңесі, Өңірлік кеңес және мемлекеттік кірістер департаменті атынан алғыс хаттар тапсырылды. Марапаттар «Геодезия сервис» ЖШС бас директоры Александр Аникинге, «ABM group» ЖШС Басқарма төрағасы Азамат Молдақасымовқа, «Ернар шаруа қожалығының басқарушы директоры Тасқын Жапарқұлға, «МаксДорсройСервис-21» ЖШС директоры Александр Скоропадскийге, «Негал БВ» ЖШС директоры Фатих Узуноглыға, «Джей Ти Ай Казахстан» ЖШС директоры Евгений Никольскийге және т.б. кәсіпкерлерге берілді.

Биыл «Алтын сапа» ҚР Президенті сыйлығына, «Іскер» арнайы сыйлығына, «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі байқауға, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысқан және жеңіп шыққан кәсіпкерлерге кездесу барысында ерекше құрмет көрсетілді.

«Алматы облысында шағын және орта бизнестің қарқынды дамуы байқалады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд. теңгеге жуық. 30 мыңға тарта жұмыс орны құрылды. Бұл ретте сіздер, облыс кәсіпкерлері, үлкен үлес қостыңыздар, сол үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деп атап өтті Амандық Баталов.

Кездесу соңында «Атамекен» ҚР ҰКП Басөарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов кәсіпкерлерге ерен еңбектері үшін алғысын білдіріп, жаңа жылда өркендеу мен толағай табыстар тіледі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here