Ақиқат айтылмай қалмайды…

0
526
ғаламтор

Рухы асқақ қазақ  халқы тарихында  небір зұлматтарға төтеп беріп, беделіне дақ түсірмей, өжеттілігінің арқасында өркениет көшіне  ілесті.  1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де  ұлттық санамызды  дүр сілкіндіріп, мына өмірде  бойында намысы, қайраты мен жігері тасыған жас ұрпақтың жетіліп келе жатқанын, олардың өз ұстанымына болаттай берік екенін танытты.

Желтоқсанның сол бір ызғарлы күні Талдықорған қаласының студент жастары да алаңға қарай ұмтылып, өздерінің саяси көзқарасын білдіруді көксеген еді. Нәтижесінде, ең жасы 18-де, үлкені 36–да 4 бірдей азамат түрмеге тоғытылса, бірқатары оқудан шығарылып, түрлі жаза арқалады. Шындығы барынша бүркелген  кезеңге қайта оралып, буыны қатпаған жас қыз-жігіттер мен партияның басшылық қызметінде болған лауазымды тұлғалармен тілдесіп, ақиқаттың айдынына жол тарттық. Оқиғаны өз қалпында өрбітіп көрелік.

Бәтима Сақауова, 1986жылы дербес зейнеткерлікте, 60жаста болған. Бүгінде Алматы облысының Құрметті азаматы, Мемлекет және қоғам қайраткері, 4 мәрте «Құрмет Белгісі» орденінің иегері,  «Жетісу Анасы»:

дереккөз

«Ол кезде зейнеткерлікке шы-ғып, қоғамдық жұмыстарға қатысып жүретін едім. Бірде  обкомның партия хатшысы Күмісжан Өмірбаева активті жинап, оған  зейнеткерлерді  де шақырды. Бардым. Залда өзім танитындардың барлығы отыр. Бір уақытта трибунадағы облыстық  партия комитетінің екінші хатшысы Геннадий Чубовтың көмекшісі Күмісжан Сағындыққызына келіп, сыбырлады. Күмісжан дереу орнынан тұрып, менің қолымнан ұстап сыртқа алып  шықты. Көлігіне міне сап, ұмытпасам, Киров (қазіргі І. Жансүгіров-автор) көшесіне келдік. Жастар толып алған.Үш ер бала алдыңғы қатарда жүр. Көшенің қақ ортасында әскери көлік тұр. Оның шопырына: «Тоқтат! Машинаны көлденең қой!» дедік. Бізді көтеріп сол көлікке шығарды.  «Балалар- ау, сендер бәрің бекер қамаласыңдар. Ертеңгі күні әке-шешелеріңе де зияны тиеді. Олар жұмыссыз қалады. Қайтыңдар, бәрін заңмен шешу керек»-деп бар даусымызбен айғайлап жүрміз. Айналайындар, тыңдап, әйтеуір қайтты ғой.  Күмісжандар кездесіп, түсіндірді.  Бүкіл обкомның аппараты бір-бір жатақханада балаларды аңдып, кезекшілікке шықты. Әйтеуір, шамам келгенше балалармен сөйлесіп, райынан қайтарған соң, машинадан шашылған судан мұз болып қатқан шубамды салдырлатып, қараңғыда үйге келдім. Сонда мені қыз-жігіттердің бойындағы керемет намыс оты қатты таңдандырды. Олардың бейнесі әлі күнге көз алдымда. Кейіннен «Рахмет! Балаларды аман алып қалыпты ғой» деудің орнына «Әлгі Сақауоваға не жоқ? Неге барады? Неге тоқтатады?» деген сөзді естідім. Қызым ол кезде емхананың эндокринология бөлімінде қызмет атқаратын, парторг еді. Ол да «Билікке қоятын қазақ құрып қалды ма?» деген екен. Үстімізден «Правдаға» «домалақ арыз» жазылды. Екеуміз де екі айдай тексеруде болып, әрең құтылдық. Осы оқиға туралы бір жерде ғана еске алғаным болмаса, айтпадым. Арада 31 жыл өтіпті. Сол жастардың еңбегі айтылуы керек. Сендер 21 ғасырдың әжелері, аталары боласыңдар. Заман сендердікі. Қаншама жылдар бойы қан төгіп, түн ұйықтамай, күндіз күлмей соғысқан ата-бабалардың арманы орындалды. Еркін халықпыз. Жалғыз ғана қорқатыным — кейінгі ұрпақ қалай тәрбиеленеді? Оларды әке-шешесі қалай тәрбиелейді? Осы қазақы намысымыз сақталып қала ма? Арманым — қазақтай ақылды халықтың өмірі гүлденсе екен! Құдайға шүкір, қазір елдің жағдайы жаман емес. Көше бойы тойхана, күнде той. Жастарымыз аман болып, келешекке ие болсын, қазақтың атын жоғалтпасын дегім келеді. 1986 жылғы жастардың ісі есте мәңгілік қалады. Ол оқиға туралы  жақсы тарих жазылып, балалар оқитын кітап болып басылуы керек».

Рүстем Машанло, 1986 жылы Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы педагогика институтының музыка факультетінің 2- курс студенті, 20 жаста болған:

алдыңғы қатарда екінші Рүстем Машанло

«Көксу ауданы, Мұқыры ауылынан боламын. Әскерден енді ғана келген кезім. Музыканттар кешке дейін дайындаламыз ғой, жатақханаға жай келеміз. Сол күні келе салысымен «Ленинский комнатаға» жиналдық. Балалар Қонаевты орнынан алғаны туралы, осыған қарсылық танытып алматылық жастардың алаң-
ға шыққаны жайлы хабарды радиодан естігендерін айтты. Біз бір-ден өзімізше шешім қабылдап, қыздармен бірге алаңға шығуға үгіттейтін листовкалар мазмұнын ақылдастық. Біраз  жігіттер  тарататын болып келістік. Ол кезде «еліміздің егемендігі үшін күресіп жүрміз» деген ой мүлдем болған жоқ. Совет Одағының нағыз дүрілдеп тұрған кезі ғой. Мұндай ой үш ұйықтасақ та санамызға кірмес еді. Несіне жасырамыз. «Дінмұхамед Қонаевты неге орнынан алады?», «Қазақсың ба, намысың болса шығып, айтарыңды айт!» деген оймен қатыстым. Бірақ, листовкаларды жазып, дайындаған күні, жатақхананы милиция қоршап алды. Қайдан естігендері белгісіз. Мен, Бауыржан Шахаров, Сәрсен Стамбеков бар бәріміз үшінші қабаттан төсек жаймаларын жалғап төменге түстік. Милиция ұстап алмақшы болып, әрең дегенде қашып құтылдық. Аяғымыз жеткен оқу орындарының жатақханаларына барып, шамамызға қарай парақ-шаларымызды тараттық. Қайтып келсек,милиция жатақхананы әлі қоршап тұр. Сонымен не істейміз, кіре алмаймыз. Абырой болғанда, жатақханада «физкультурниктер» де тұратын. Олар күнде  ертемен жүгіретін. Таңның атуын, солардың жүгіруін күттік. Бір уақытта есік те ашылып, олар да шықты. Дайындалып болған соң, бірге спортшылар сияқты жүгіріп,  кіріп кеттік. Жатақхананың астыңғы қабатында мұғалімдеріміз, деканымыз бәрі кезекшілікте жүрді.  Сонда да, ертеңінде алаңға жету үшін бұрынғы Ленин, қазіргі Тәуелсіздік көшесімен келе жаттық. Заң техникумының тұсынан өте бере бізге машинадан  су шашылып, Гагарин көшесіне қарай бұрды. Сонымен, ол жақпен барып бұрынғы Киров, қазіргі Жансүгіров атындағы көшеге түстік. Келе жатқанда екі әйел адам алдымыздан шығып, «Тоқтаңдар!» деп айғай салды. Алдыңғы келе жатқандар тоқтайын десе, тоқтай алмайды. Артындағы балалар итеріп келеді. Ол  кісілер әрі таман барыңқырап, біреуі басындағы  үлкен ақ ормалын жерге тастады. Содан соң барып қана біз «Тоқтаңдар! Тоқтайық!» деп жүріп әрең тоқтадық. Қазақтың дәстүрінде ананың ақ жаулығын ешкім таптамаған, аттамаған да ғой. «Балалар  бұлай болмайды. Сендер өз тілектеріңді одан да жазып беріңдер, біз талаптарыңды орындауға ана ретінде сөз береміз. Басшыларға жеткіземіз» дегеннен кейін, сол сөзге тоқтап, кері қайттық. Алайда, жанымызда КГБ-ның адамдары суретке түсіріп жүріпті. Бір күннен кейін қуғындау, қамау басталды. Мені ұстағанда үйіліп жатқан суреттерді көрсетіп, «Осының бәрін қарап шық, егер жоқ болсаң, сені қазір босатамыз» деді. Қарадым, бәрінде бармын. Ертеңіне тергеу жүрді. 26-желтоқсанда  мені дәлел табылғанша үш күнге қамады да, 29-күні тергеу изоляторына апарып жапты. Содан, 4-5-наурызда сот болды. Оған дейін тергеу жалғасты. Қорытындысында мені екі жылға бас бостандығымнан айырды. Жамбыл облысының Жаңатас қаласында бір жыл, Жезқазған облысының Ақжал деген жерінде қалған бір жылын өтеп, ауылыма келдім. Мені одан кейін институтқа қайта қабылдамақ түгілі, жолатпады. 2006-2008-жылдары қайта оқуға мүмкіндік беріліп, 2010-жылы ғана дипломымды қолыма алдым».

Анар Серкенова, 1986 жылы Талдықорған қаласындағы Заң техникумының 1-курс студенті, 18 жаста болған:

Анар Серкенова әкесі Жеңісханмен

«Туған жерім – Өскемен облысының Қатонқарағай ауданына қарасты Медведевка ауылы. Жатақханада тұрамын. Алматыда шеруге шыққан жастар туралы естідім. Оны бізде партком болып істейтін шашы бұйралау бір үлкен жігіт айтты. Бірақ, мен оны ешқашан сатқан емеспін. Тергеуде де айтпадым. Өзім жастығыма қарамай «пысықай» да болатынмын. «Мынау не сұмдық! Алматылықтарды біз де қолдайық!» дедім ғой. Ешқандай ұлтшылдық болған жоқ. Ұлтқа бөлуді қалай ойлаймын? Өзім де дұрыстап қазақша сөйлей алмайтынмын. Орыс мектебінде оқыған едім. Ашуланғаным рас. «Мені, ашық пікірін білдіргісі келген адамдарды неге сөйлетпейді?», «Олардың ойымен неге санаспай алаңнан қуады?» деген сауалдар мазалады. Бірақ, ешқашан ұлтшыл болып көрген жоқпын, қазір де ұлтшыл емеспін. Тіптен, желтоқсан оқиғасы үшін сотталып шыққанда да ұлтшылдыққа бой алдырмадым. Иә, қазір өзімді елімнің патриоты санаймын. Отанымды жанымдай сүйемін, шамам келгенше халқыма көмек беруге тырысып келемін. Қоғамға пайдамды тигізіп жүрмін деп ойлаймын. Сол уақыттары мені «антисоветтік үгіт-насихат жасады» деген баппен қамады ғой. Себебі, қатысушы ретінде алаңнан ұсталған жоқпын. Соттауға желеу болғаны — бірге оқитын топтағы отыздан астам жас қорыққандарынан «Бізді үгіттеген осы қыз» деп көрсетіпті. Ол кезде Талдықорғандағы Заң техникумына оқуға тілек білдірушілер бүкіл Одақтан, Ресейден, Кавказдан т.б елден немесе, мен сияқты өзге облыстардан келетін. Орыс тобында оқыдым. Балалар жақсылап тұрып жазып берген соң, іс басталды. Ойымда қалғаны облыстық  комсомол, партия ұйымынан екі адам техникумға келіп, менімен сөйлесті. Қолдарынан келгенше «сілкіледі». Айтпағанды айтты. Сондағы менің жауабым: «Мен  өз басым үшін ештеңе істедім деп ойламаймын. Адам ретінде ойымды, ұстанымымды ғана білдірдім. Мұнда тұрған не бар? Айтуға болмай ма?» дегенім анық есімде. Бірақ, жастығыма қарамай, жыламай-сықтамай ойымды ашық айта алатыным оларға ұнамады. «Мынандай адам түрмеде отыруы керек» деп шешті. Сөйтіп, ішкі істер органына екі-үш рет шақырды. Тергеушілерге  көрген-білгенімді жазып бердім. 23-желтоқсан күні мені жауып тастады. Бірінші күні ішкі істер басқармасының артындағы  жертөлеге апарып қамады, бір күннен кейін сол Талдықорғандағы түрмеге ауыстырды. Онда барсам, Жанат Айтжанова мен Ғания Чукаева тәтеміз отыр. Үшеуміздің жанымызға бір орыс қызды әкелді. Ғания тәтені біз «Тетя Галя» дейтінбіз, бізден үлкендеу. «Сендер көп ешнәрсе айтпаңдар, абайлап сөйлеңдер, мынаны қасымызға әдейі отырғызып қоюы ықтимал» деді. Кейін расымен солай болып шықты. Айтқанымыздың бәрін жеткізіп жүріпті. Ғания апайдың арқасында көп нәрседен аман қалдық. 30-желтоқсан күні менің сотым өтіп кетті. Әке-шешемнің өзі сол 29-желтоқсанда әзер келіп үлгерді де, адвокат алуға уақыттары жетпеді. Қалалық соттың бастығы  маған үкім шығарды. Бұрын үстімнен іс қозғалмаған, қаршадай менің тағдырым сол кісінің уысында тұрды. Бірақ, өзгелердің де ықпалы болған шығар, көзімді бақырайтып қойып, бір жарым жылға бас бостандығымнан айыру туралы үкім шығарды. Залда отырған әкеме қарасам, өңі бозарып кетіпті. Өзім де аяғымнан әрең тұрмын. «Неге маған шартты жаза кесілмеді?» немесе «Ерікті түрде жер аударуға жібермеді?» деген сауал көкейімде қалды. Мені 13-қаңтар күні Талдықорғаннан этаппен Жауғашты ауылында орналасқан «Сотталған әйелдердің лагеріне» ауыстырды. Ол кезде Талдықорған мен екі араға поезд жүрмейді ғой. Түн ортасында «автозакпен» жалғыз өзімді,18 жасқа енді толған бүлдіршін қыз деп қарамай, керемет қылмыскер сияқты 3-4 қарулы жасақпен аттандырды. Сөйтіп, Қазақстан бойынша Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішінде ең бірінші болып  түрмеге түстім… Лагерьде көрген қорлық-сұмдықты ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір жарым жылымды өтеп шықтым. 1991-жылы шамасы бәрі ақталғанда, маған да «тағылған айып-кінәні жоққа шығару, яғни, ақтау туралы анықтаманы» поштамен үйге жіберіпті. Қолыма қағазды ала салып, ызадан булығып, отқа тастап жібердім. Кейін керек болып,1994-жылы қайтара алғанмын.(Күлді) Қамаудан шыққаннан кейін Алматыға келіп, жұмыс таппай көп қиналдым. Сөйтіп жүріп, бас киім тігетін фабрикаға тігінші болып қабылдандым. Бір күні газеттен саяси сотты болғандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия құрылғанын оқыдым. Мекенжайы көрсетіліпті. Бардым. Аманжол Нәлібаев деген кісі саяси қуғын-сүргін көргендерді ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы, депутат Мұхтар Шахановтың орынбасары екен. Көмектесіп, Мұхтар ағаға кіргізді. Ол кісі менен «Оқуға барасың ба?» деп сұрады. Сол адамдардың көмегімен оқуыма қайта қабылданып, қызыл дипломмен тәмамдадым. Оны бітіріп, университетке түсіп, үздік аяқтадым. Қазір мамандығым бойынша еңбек етемін. Жас кезімде сот немесе прокурор боламын деп армандаушы едім. Сотталатынымды кім біліпті? Жастығыма қарамай, өзімді жоғалтпай, жаман әдеттерге бой алдырмай адам болып қалғаныма Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын».

Жанат Айтжанова, 1986 жы-лы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педаго-гика институты, музыка факуль-тетінің 3-курс студенті, 21 жастаболған: 

Сол жағындағы Жанат Айтжанова

«Иә, желтоқсан оқиғасынақа тыстым. Бірақ, мені осы уақытқа дейін Талдықорғанда өтетін не қалалық, не облыстық шаралардың ешқайсына шақырып көрген емес. Соған таңданамын. Біз туралы жазбайды да көрсетпейді де. Неге? Білмеймін. Өзім Алматының жанындағы Шелек ауылынанмын. Институтта студенттік кеңестің (студсовет) төрайымы болдым. Рүстем екеуміз бір факультетте оқыдық. Ол қазақ, мен орыс тобында. Біз кешке радиодан Алматының студенттері алаңға шыққаны туралы естідік. Студенттік кеңестің басшысы  болғаннан кейін және қасымда тағы өзім сияқты бір-екі жастың қоштауымен «Біз де алматылықтарға қол-дау көрсету үшін  осындағы алаңға шығайық!» дедім. Оны Алғашқы әскери дайындық факультетінің студенттері де қоштап, ертеңінде алаңға шығуға келістік. Бірақ, таңертең медициналық практикамыз болып алаңға шыға алмадық. Сонда да түске таман алаңға бардым,өзім бастадым, ұйымдастырдым. Ол жақтан Шынықұлова деген бір қызды кездестірдім. Тал-дықорғанға Алматыдан енді ғана келіп отырған беті екен. «Алматыда-ғы оқиғаны көрдім, бәрі қопарылған. Шыршалар  құлап жатыр. Елдің үстіне суық су шашты» деді. Мен «Олай болса, бізді қазір мұнда да ешкім тыңдамайды. Жүр заводқа барайық, жұмысшылар бізбен қоса шықсын!» деп қасымызда тағы бір қыз бар, үшеуміз аккумолятор жасайтын  заводқа жақындағанда милиционерлер ұстап алды. Бірден апарып, қамап тастады. Бар болғаны сол. Шығармады. Бір жарым жылға сотталып кеттім. Кесілген мерзімді өтеп шыққаннан кейін ақталып, оқуымды жалғастырып,  бір жылдан кейін Алматыға ауысып, 4-5 курсты басқа университеттен оқыдым. 25 жыл болды Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте  аға оқытушымын. Еңбегіміз далада қалған жоқ. Елімнің Тәуелсіздігіне желтоқсандықтар үлкен үлес қостық деп ойлаймын. Қайрат Рысқұлбековтың зираты осында. Басына қойылған ескерткішке барып, Құран бағыштаймыз».

Ғания Чукаева, 1986 жылы №14 құрылыс училищесінің ке-зекшісі, 36 жаста болған:

«Заң техникумын бітіріп, комсомолда, қалалық білім бөлімінде жұмыс істегеніммен балаларымды балабақшаға орналастыра алмадым. Жұмысшы болсам, тезірек кезекке қол жеткіземін деп, партиялық есепке тұрып, уақытша 14-ші  училищеге кезекші болып орналасқан кезім. Алматыдағы  Қыздар педагогикалық институтында сырттай оқимын. Сол күні кезекшілігім де емес, бір әйелдің орнына шыққан едім. Алматыдағы жағдайды радиодан естігенмін. Оның анық-қанығын білмек боп, таңертең сағат ондар шамасында Алматыдағы сіңілілеріме телефон шалғым келді. Сонда телефонистка «Колбитка я тебе русским языком говорю связи нету с Алматой» дегені. Осы  сөз жүрегіме инедей қадалды. Сондықтан да, шығатын студенттердің жолын бөгемедім. Сол жердегі оқушы балалар «Осындай жағдайға  сіздің қаныңыз қайнамай ма, жүрегіңіз ауырмай ма?» деп айтып,  алаңға шығуға сұранған соң, «Жарайды, шықсаңдар шығыңдар. Бірақ былай істеңдер» деп жолын түсіндірдім. Қолдарына «Да здравствует, Владимир Ильич Ленин!» деген плакатты өз қолыммен жазып, ұстаттым. Себебі, менің комсомолда істеген тәжірибем бар. Балаларға «ұлтшыл» деген айып тағылмасын деген ойым ғой. Училище қабырғасында жиналыс болып, сонда маған барлық оқушыны қарсы қойып, сөйлетті. Олар қорыққандарынан, тіптен кейбір лауазымды тұлғалардың сумкамен ұрып қорқытуларымен қарсы айтып берді. 17-18-19-дағы жастар ғой. Староста ғана 25 жаста болды. Оны да үш күн отырғызып, айтқандарына көндіріпті. Мен алдындағы оқиғаға байланысты шыққан қыздарды аман-есен жатақханаға әкеп жатқызған болатынмын. Олар ертеңіне алаңға тағы бармақшы болыпты. Алаң қайда?! Бәрі қоршалған. Жиналыста бәрі  мені көрсетіп «Осы тәте бізге шығыңдар деп айтып, плакат жазып берді» деді. Бәрін мойныма алдым. Бюроға салып, бүкіл активтің көзінше партиядан алып тастады. Ертеңіне мені КГБ шақырды. Үйге келіп жылап жүрмін «Билетімді алып қойды» деп. Сонда жолдасымның айтқаны: «Әй, сен алдымен ертеңгі күніңді ойла, туған партияң сені сатып кетті, жылама! Ертең сағат 3-4-те милиция келіп сені алып кетпесе, арғы қолыңды бері әкел» деп ашуланды.

қыздары Зәйтуна және Мадина

Жүрегім «зу» ете қалып, екі қызымды біреуі-3 — те,екіншісі 4-тен енді асқан, суға түсіріп, үстілеріне әдемі пижамасын кигізіп, айнаның алдына отырғызып қойып көзіме ерік бердім. Сонда кіші қызым сезген екен, «Ты тогда с нами прощалась» дейді. Сонымен, жолдасым айтқандай — ақ, 4-тер шамасында  конвой бір қара машинамен келіп алып кетті. Киініп те үлгермедім. Түрменің  матрастары су, ылғал. Бүйректерімізге суық өтіп, ауырып, қазірге дейін сыр береді. Жанат пен Анар алдымда, матрастарымызды көтеріп барамыз. Оларға қарап, өзімнің екі қызымды ойлап жүрегім күйіп кетті. Төсенішке аяғым оралып жығыла жаздадым. Сонда жауырынымның екі ортасынан конвой жігіттердің бірі автоматтың дүбімен  ұрып-ұрып жібергенде тура «ыңқ» ете қалдым. Зардабынан өкпеме су жиналыпты, отыз жылдан асқанда бірақ білдім. Ақыры операция жасаттым. Әсерінен жүрекке де салмақ түсіп, былтыр оған да ота  жасаттым. Түрмеде көрген қорлығымызды ауызбен айтып тауыса алмаймыз. Ондайды, ешкімнің басына бермесін! Этаппен барғандарды 14 күн карантинге жауып қояды екен. Сонда ғана аспанды көріп, жөнді тамақ іштік. Алдында мен сотталып бара жатқанда шешем: «Дәм солай тартып тұр қарағым, ол да бір үйің болады енді, жылама, Аллаға сыйынып жүр» деді. Жұбатқаны ғой. Әйтеуір, білгенімше сыйынамын. Балаларыма жолдасым мен шешем екеуі қарады. Әкем өзі жалғыз үйде қалыпты. Туыстарым да менен «Кесірі тиеді» деп теріс айналды. Адвокатым «Это мыльный пузырь, когда нибудь лопнет» ертерек босап шығасың деген-ді. Балаларымды ойлап, маңдайымнан бастап алақандай жердегі шашым да ағарып кетті. Шешемнің де шашы аппақ қудай  болыпты. Ішімнен «Шешемді жерге қаратқаным-ай» деп қатты уайымдаймын. Партиядан шыққаным тағы бар. Халық жауы болып танылғаным — өмірі кешірілмейтін күнә ғой. Жанат пен Анар менен жарты жыл бұрын босап шықты. Мен екі жылдан соң келдім. Бағасын халық береді ғой».

КүмісжанӨмірбаева,1986 жылы облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, 41 жаста болған. Бүгінде Мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, Павлодар мемлекеттік университетінің Құрметті докторы:

«1982-1989 жылдары Тал-дықорған облысында қыз-мет атқардым. 1986-жылы Колбиннің Қазақстанға келуі — өздеріңізге белгілі қиын жағдайға ұласты. Алматыда жастардың көтерілгенін естідік. Анығын білу үшін Орталық Комитетке телефон шаламыз, бірақ ешкім жауап бермейді. Бірінші хатшымыз, ол кезде, Ануфриев Владислав Григорьевич Москвада болатын. Бізге әртүрлі хабарлар келіп жатты. Екі балам ол кезде студент ҚазМУ-да оқитын. Олардың да телефондары жауап бермеді. Екінші хатшы Чубов Геннадий Тимофеевичке: «Ануфриев Москвада. Неге үндемей отырамыз? Активті жинайық. Бізде де сондай жағдай қайталанып қалса, қамсыз қалмайық» дедім. Себебі, Колбиннің келгенін ешқайсымыз жақтырып жүрген жоқпыз. Ішімізден тындық. Айтуға болмайды. 18-і күні таңертең сағат 9-да обкомның бюро мүшелерін, активті, басшылардың бәрін шақырып парткомға жинадық. Бір уақытта бірінші хатшының көмекшісі жүгіріп келіп: «Күмісжан Сағындықовна, бізде де басталды» деді. «Не басталды?» дегеніме «Жастар Киров (қазіргі Жансүгіров) көшесімен келе жатыр. Обкомға қарай» дейді.

Мен Чубовқа «Геннадий Тимофеевич, уже и у нас все началось. Но вы продолжайте свой актив, а я поехала» дедім. Жалғыз өзім не істеймін? 41 жастамын. Мына жастар маған көне ме, көнбей ме? Бәтима Есболатқызы залда отырған, сол кісіге «Жүріңіз, шұғыл бір жағдай болыпты бірге баруымыз керек» дедім.  Машинамен келе жатырмыз. «Не болды? Не жағдай?» дейді. «Балалар алаңға қарай беттеп келеді. Олардымилициядан,қауіпсіздіккомитетіқызметкерлеріненбұрынтоқтатуымыз қажет.Ұстапалса, түрмеге отырғызады, болашақтарына балта шабылады» дедім. Сол мезетте әскери машинаны көзім шалды. Оны шопыр екеуміз әрең тоқтаттық. Қызметтік куәлігімді көрсетіп: «Мен обкомның хатшысымын, өтінемін, көмектесіңізші. Мына машинаны Киров көшесіне көлденең қойып, жолды жауып тастайық. Мен саған рахметімді айтамын. Басшыларыңа звондаймын, көмектесші маған» дедім. Ол: «Жарайды, жарайды!» деп айтқанымды орындады. Бәтима Есболатқызына, «Балаларды тыңдайық, не айтады, не сұрайды» дедім. Содан, ұлдарға қарағанда қыздардың реніш айтқандары көбірек болды. Көп мәселе көтерілді.  Бәтима Есболатқызы үлкендігін білдіріп, ақылын айтып жатты. Басшылардың бірі менімен ақылдаспай, жастарға қарай су шашып тоқтату туралы бұйрық беріп қойыпты. Ондай әрекет керісінше, бәрінің ашуын келтіретінін ойламаған. Су шашылғанда біз дәл ортасында жүргенбіз. «Ал балалар ендіойлаңыздаршы, қазір КГБ немесе милиция келсе, сендерді түрмеге отырғызады, болашақтарыңа балта шабылады. Біз кейін ештеңе істей алмаймыз. Осындай көтеріліске қатысты деп жаманатты боласыздар. Мұнан да қазір сіздермен бірге бір келісімге келейік. Пединституттың залына жиналайық» деп көндірдік. Күн қаһарын төгіп тұр. Мен облыстың, қаланың барлық сала басшыларын шақыруға балалардың алдында уәде бергенмін. Соны орындадым. Әйтеуір бір шешімге келдік.  «Басқа қандай қиындықтар бар, сендерді тағы не мазалайды?» дедік. Балалар айта берді, айта берді… Әбден ақтарылды.  Бізде жастарға арналған ештеңе жоқ екен. Жалғыз Мәдениет сарайы бар. Оның өзі күнде кәсіподақтың, комсомолдың т.б жиналыстардан босамайды. Басқа клуб, ештеңе жоқ қалада. Аман-есен жастарды босатқан соң, обкомға келіп, түні бойы отырып, атқарылатын шараларды жаздым. Бірінші хатшы Москвадан келген бетте ақылдасып, бос тұрған жертөлелерді жақсылап жастарға  клуб па, шахмат-шашки ойнайтын немесе спортпен шұғылданатын орындар ма жасап беруге келістік. Екі айдың ішінде оншақты  жертөлені ретке келтіріп, пайдалануға бердік. Орталық комитеттен, барлық облыстардан келіп таңданғандар болды. Менің  өмірімдегі ең қиын жағдай осы Желтоқсан көтерілісі десем артық айтпаспын. Қазіргі Талдықорғанды сол кезеңмен салыстыруға келмейді. Керемет дамып кетіпті! Оқушы балалардан бастап жастарға арнап көптеген ғаламат ғимараттар салынған.  Жылына бірнеше мәрте әсем тұрғын үйлерде қоныс тойлары тойланып жатқанын естимін. Демалыс  орындары да көп екен.   Басшының келбеті — тапқырлығы мен сөзінің өткірлігінде ғана емес, халқына жасаған қамқорлығында. Осы орайда, Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың,Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаевтың қыруар еңбегін атамасқа болмайды. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған шаралардың нәтижесінде қаланың іргесі бекіп, керегесі кеңейіп кеткен екен. Қашанда халқымыз аман, еліміз тыныш, туымыз биіктен желбіресін деп тілеймін!

Түйін

Міне, Желтоқсан оқиғасының айтылмай қалған ақиқатының бір парағы осындай. Жас құрақтай желкілдеп өсіп, асқақ арманын арқалап келген жастар мен ел аналары қаһарлы қыстың аязында қалтырап, тоңғандарына қарамай, қиын сәтте халқын, Отанын өздерінен биік қойып, елдің тағдырына алаңдады. Оларды ата-анасы «Алдымен өзіңді ойла» деп тәрбиелемеген еді… Қарап отырсақ, сол Желтоқсан көтерілісіне қатысып, сотталған 99 адамның 4-уі Талдықорғанның оқу орындарынан екен. Олар қандай құрметке де лайық! Тарихты адамдар жазады. Кейін оқиғаны ойша өрбіткенше, куәгерлердің бар кезінде шындық айтылып, насихатталуы керек! Ол болашақ ұрпақ тәрбиесіне аса қажет.

Біз Мемлекетіміздің жарқын болашағына сенеміз! Желтоқсандықтардың жанқиярлығымен келген Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here