Мереке үшін шыршаны шауып алу — надандық! — орманшы пікірі

0
434

Жаңа жыл біздің мереке емес дегенімізбен, желтоқсан туысымен қала көшелері қызылды-жасылды безендіріліп шыға келеді. Әсіресе, кешкілік көшелердің, ғимараттардың түрлі-түсті жарықшамдары қосылғанда ертегілер әлеміне тап болғандай күй кешесің. Қаланы қоя беріңізші, жаңа жыл қарсаңындағы дабыра даладағы, дала болғанда да сонау елден жырақ, таудың ішінде жатқан орманшыларға да жетеді екен. Осы орайда 10 жылдан астам орманшы боп жүрген Сейсембаев Жайлаубек Тұрарбекұлы ағамызды әңгімеге тарттық.

— Аға, біздің түсінікте орманшылардың жұмысы жаз маусымында ғана жүретін секілді. Аппақ қыс келгенде тау ішінде қадай жұмыс болады?)

— Қыс түсіп, желтоқсан туысымен халық тарапынан шыршаға деген сұраныс артады. Осы сәтте біздің де жұмыс күшейеді. Орманға күндіз-түні күзет қойылып, тыным болмай кетеді. Кейде, ала жазғы жұмыстан осы желтоқсандағы жұмыс ауыр ма деп қалам(күліп алды). Малтығып, домбығып тиесілі территорияның ана шетіне бір, мына шетіне бір шығып жүргенің.

— Сіз қарайтын аумақ үлкен бе? Үлгересіз бе?

— «Жоңғар» орманшаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 7-айналымына 4213 гектар жер тиесілі. Оның 998 гектары орман алқабы. Жер шалғай, жол қиын болса да, бізге келушілер қарасы көп. Тұмса табиғат аясында тынығуды көздейтіндер шлагбаумнан өтісімен, орманшы ережесімен жүріп-тұрады. Яғни, қоқыс шашпау, ағаш кеспеу, аң-құсты үркітпеуге міндетті. Олай болмаған жағдайда, демалушы бірден аумақтан шығарылады. Ат бар, көлік бар үлгереміз.

— Қар қалың түскенде жол қатынасы қиындайтын шығар?

Орманшының отбасы

— Ия, қарлы бораннан кейін жолды тауып жүру қиынға соғады. Бірақ, ата-бабамыз осы жерлерді аттың үстінде жүріп қорғап қалған ғой. Сәл ауыртпалық болмаса, алып бара жатқан қиындық жоқ. Қалың қар түскенде біз орталыққа хабарлап отырамыз. «Қай шатқалда көшкін жүру қаупі бар?», «Қай орманға қатер төну қаупі бар?» деген сұрақтарға сол жақта жауап жинақталады.

— Сонымен, шырша сұрап келгендерге не деп жауап бересіздер?

— Шырша жоқ дейміз. Ормандағы шырша – отанның байлығы. Баға жетпес қазына. Оны кесу, саудаға салу заңмен қудаланады. Соны түсіндіреміз. Қапал мен Арасан ауылдарында біздің мекемеге тиесілі тұқымбақ бар. Сол жерден сатып алуға болады шыршаны. Сондықтан, қиянда жатқан бізге сабылмай, жол үстіндегі тұқымбақтарға бару керек.

— Аң-құсқа да сіздер қарайсыздар ма? Әлде оған бөлек мекеме жұмылдырылған ба?

— Тиесілі аумақтағы аң-құстың санағын жүргізіп отыру да – біздің міндет. Мәселен, маған қарасты жерде марал, арқар, елік, теке, барыс, аю, сілеусін, қасқыр, түлкі, ұлар, құр, сұңқар кездеседі. Шыны керек, қар барысын көзбен көрген жоқпын. Бірақ, тауда ізі бар. Киелі жануар ғой, ілуде бір болмаса, көзге көп көрінбейді екен. Бұрынырақта жабйы жануарлар үшін орманшылар арнайы шөп қорын жасақтайтын. Яғни, беткейдегі, жазықтағы шөпті шауып, маялап қоятын еді. Қазір жердің дені жекенің меншігіне кетті. Ол жұмыстарды жерді жалға алғандар атқарады. Біз тек бақылаймыз.

— Таудың ішіндегі жалғыз үйдің тыныштығын итқұс алмай ма?

немересі мен бөлтіріктер

— Түз тағысы адамнан сескенеді ғой. Құдайға шүкір, тынышпыз. Өткендері бір қасқыр жабайы жануарларды үркітіп, қала берді өзіміздің қораға түсіп мазаны алған. Әдейілеп іздеп шығып, апанын тауып алдым. 2-3 айлық күшіктері бар екен. Соны асырау үшін жемтікті жақыннан алып жүр екен. Әйтпесе, «Қасқыр апанына жақын жердің малына шаппайды» дегенді естіген ем. Сонымен, апанын тауып, ішінен 2 күшігін алып, тағы біреуінің тілерсегін қиып тастап кеттім. Кейін үлкейгенде қиындықсыз соғып алу үшін)

— Ана күшіктерді не істедіңіз? Зообаққа өткізесіздер ме?

— Зообақтан сұраныс болса, өткізер едік. Немерем үйде асырап көріп еді, болмады. Бірде ауылдан келген бірнеше ит талап, өлтіріп тастапты. Түз тағысы қолға үйренбейді екен…

— Әңгімеңізге рахмет, ағасы. Сөз соңында айтарыңыз бар ма?

— Айтайын дегенім, бүгінде Елбасынан бастап «Рухани жаңғыруымыз керек! Салт-дәстүрлерді жаңғыртайық, насихаттайық!» деп жатыр ғой. Бұл өте дұрыс қадам! Қазақ үшін – табиғат егіз ұғым. Біздің әдет-ғұрпымызда мереке үшін өсіп тұрған ағашты шауып алу жоқ! Сондықтан, жаңа жыл мерекесін барлығымыз әз Наурызда тойлайық! Наурыз тойында ауламызға, даламызға, қаламызға тал егіп, орман қорымызды байытайық дегім келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here