Атаулы әлеуметтік көмектің жаңалығы көп

0
419
http://taldykorgan-online.kz

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» жоспарына сәйкес аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңартылған – атаулы әлеуметтік көмек  көрсету түрі енгізіледі.

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесін енгізу ережелерін түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс жасалуда. Бұл маңызды тапсырма Талдықорған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, ауылдық әкімдіктердің, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне  үлкен міндет жүктеп отыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік сала  мамандары жұртшылыққа осы жүйені түсіндіруде.  Тұрғындармен жүздесулер қаламен қоса Еркін, Өтенай ауылдарында жалғасын тапты.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК)  қазіргі  қолданыстағы  жәрдемақылардың  үш түрін алмастырады. Бұл жерде көмекті алуға тапсырылатын құжаттың саны да қысқарған. Қазіргі әлеуметтік төлем түрлерінен өзгешелігі – аз қамтамасыз етілген азаматтарға немесе отбасыларға берілетін атаулы  әлеуметтік көмек кешенді 3 түрлі  мемлекеттік қолдауды біріктіреді. Олар:

1) атаулы әлеуметтік көмек төлемі;

2) жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, яғни, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу, жеке ісін ашуға,  бизнесін кеңейтуге несие беру:

3) әлеуметтік қызметке мұқтаж жандарға мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар көрсете алады.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз не болмаса шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.

ШАРТСЫЗ КӨМЕК –  еңбекке жарамды мүшесі жоқ барлық отбасыларға (мысалға мүгедектер мен зейнеткер отбасына) немесе  еңбекке жарамды мүшелері дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отбасыларына беріледі.

Осындай отбасылардың жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысуы  міндетті емес.

ШАРТТЫ АҚШАЛАЙ КӨМЕК – отбасында кем дегенде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларға әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, басқа мүшелері де жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан кезде беріледі.

Бұған дейін атаулы көмек алушылардан арыз алынып, заңдылығын анықтап, көмек тағайындалумен шектелетін.  Жәрдемақы тағайындалған адам туралы  маман да  «ұмытатын». Отбасының басқа мүшелері бұл процеске  қатыспайтын.

Ал,  жаңа  нысандағы АӘК қолданыстағы  бағдарламалардан  негізгі  айырмашылығы – бұл отбасының жекеленген қажеттіліктеріне бағытталған тәсілдің кешенділігі.

Әлеуметтік қорғаудың тәжірибесінде алғаш рет жұмыс өтініш берушімен ғана емес, отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің барлығымен жүргізіледі. Оған қоса, жұмыспен қамту орталығына  жүгіну мезетінен бастап отбасымен бір  қызметкер  жұмыс істейді. Бұл әлеуметтік қорғау органымен көмек алушы арасында өзара әрекеттесудің ісі тәжірибеге жаңадан енгізіледі.   Сондай-ақ, әлеуметтік келісімшарт екі тараптың – әлеуметтік көмек алушы мен әлеуметтік қорғау қызметі арасында көмек алу негізінде жасалады. Негізінен отбасыға көмектің жеке жоспарын жасап алу  ыңғайлы.

Тағы бір назар аударарлық жайт-егер де аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісім-шартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет – отбасының атаулы әлеуметтік көмегі 50%-ға, ал қайталанған жағдайда 100 %-ға қысқартылады.

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек кәмелеттік жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталатындығын айтқан жөн.

2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап  ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері де өседі. Биыл бұл  көрсеткіш- 24459 теңгені құраса, келесі жылы  28284 теңгеге дейін көбейтіледі.

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері қазіргі 40 пайыздан 50-ге дейін ұлғайтылады. Демек, ағымдағы жылы кедейлік мөлшері 9784 теңге болса, келер жылға 14142 теңгені құрайды.

Мысалы, тұрмысы төмен отбасындағы 5 адамның біреуі жұмыс жасайды делік. Оның табысы 24459 теңге мөлшерінде. Әйелі кәмелетке толмаған үш баланы қарап отыр. Қазір 17313 теңгені құрайтын атаулы әлеуметтік көмекті  және  мемлекеттен  балалар жәрдемақыны (7148 теңгені)  алады.

Енді 2018 жылы жаңа форматтағы атаулы көмек 30 мың теңгені құрайды немесе ол 2017 жылмен салыстырғанда 20 пайызға өседі.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған үш әлеуметтік төлемді біріктіретін Бірыңғай жәрдемақы болып табылады.

Бұл жерде атап өтерлігі- азаматтарға тек қаржылай көмек беріліп қана қоймай, жұмысқа орналасу үшін көмек көрсетіледі, түрлі қайта даярлау және біліктілігін арттыру  курстарына жіберіледі және шағын несие беріледі. Осылайша, отбасының кедейлік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады. 2014 жылдан бері тәжірибе түрінде пилоттық негізде «Өрлеу» бағдарламасы   жүзеге асты және бұл уақыт ішінде   қажеттілігін және нақты нәтижелерді көрсетті. Бұл бағдарламаның  көмегімен қиын өмірлік жағдайға тап болған  мыңдаған адамға қолдау көрсетілді.

 Данагүл МӘКЕН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here